Бауыр еті балаларын көк ала қойдай етіп сабаған түркістандық тиран әке көпшілікке өз әрекетін осылай деп түсіндіріпті. Ішіп алса, жақындарына жұдырық алып жүгіретін оған келіншегі осыған дейін де бірнеше рет арыз жазған екен. Алайда, күйеуінің полициядағы таныстары арыздың ары қарай қаралуын болдыртпай келген, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Жанұшыра айқайлаған баласын аяп жатқан әкесі жоқ. Керісінше, ұлы дауыс шығарған сайын, көзі қанталаған ол одан бетер жындана түсетіндей. Ішіп алса болды, бар күшін осылай ұлдарына жұмсайды екен. Үлкені тоғызда, кенжесі небәрі 3-ақ жаста.
10 жылдан бері күйеуінің озбырлығына төзіп келген әйелі бұл жолы ұлдарына араша түспеді. Бәрін видеоға таспалап алған. Өйткені, туыстардан да, құзырлы органдардан да қайыр жоқ. Алғашқысы ұят боладыға салынып, отағасын кешіруге шақырса, екінішісі екі мәрте жазған арызын қабылдамай, үйіне кері қайтарған. Учаскелік полицей күйеуінің құда баласы көрінеді.
Махаббат Абдрайымова, күйеуінен қорлық көрген әйел:
"Адам болып кететін шығар деген үміт болды. Енді заң жүзінде жауапкершілік алуын сұраймын. Мен видеоға түсірдім. Өйткені мен ұрды десем, маған ешкім сенбейтін еді. Ұрады, қояды деп. Ал видеоға түсіргеннен кейін қаншалықты қатты ұратынан көзі жетті".
Дегенмен, үйінде батыр болып, бауыр еті балаларына жұдырық жұмсаған күйеуінің қолына бүгін кісен тағылды.
Құзырлы органда істейтін құда баласына қатысты да қызметтік тексеріс басталыпты.
Салтанат Қаракөзова, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
"Күдіктіге қатысты қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігіне сәйкес, азаптау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Және болған оқиғаның мән-жайы осы тергеу барысында анықталады".
Енді қамауға алынған қатыгез әке 4 не 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өкініштісі, өз кінәсін мойындап жатқан ол жоқ. Ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін, ал отбасымда жұрттың шатағы да болмасын дейді.
Замира Жолдасова, Махаббаттың анасы:
"Қызым талай рет таяқ жеп, көк ала қойдай болып келген жағдайлары болды. Отан болып кетеді ғой деп жабулы қазан күйінде келдік. Енді кешегі тірлігі өте масқара болды. Түнімен бала ұйықтай алмай шықты. Құда-құдағилар да баласынан безіп отыр. Біз қойдыра алмаймыз дейді. Апаратын жерге апардық, емдеттік. Келеді, ары кетсе бір ай жүреді, одан кейін тағы ішіп кетеді".
Қалай болғанда да, қазір Махаббат үш ұлымен бірге туысқандарының үйінде. Олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Әкелерінен әбден шошынған балаларымен психологтар жұмыс істеп жатыр.