Батыс Қазақстан облысында көлік ішінде отырған үш бала суға батып кетті. Қайғылы оқиға демалыс күндері Шаған өзенінде болған, деп хабарлайды zakon.kz.
Табиғат аясына балалармен бірге серуендеуге шыққан отбасы көлікті биіктеу жерге қойып, балық ауламақ болыпты. Балғындар әдеттегідей далада ойнап жүріп, кейін машина ішінде телефон көретіндерін жеткізіпті. Сәлден соң, автомат басқарудағы көлік өздігінен суға жүріп кеткен. Мұны көрген ата-аналары дереу өзенге жүгіріп, балаларды құтқармақ болған. Алайда, автомобильдің есіктері бұғатталып қалыпты. Ал су ішінде терезе шыныларын сындыру мүмкін емес. Оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер бірден суға секіргенмен, тым кеш болды. 6,7 және 9 жастағы балалар көз жұмды, деп нақтылайды Еуразия бірінші арнасы.
Болатбек Бердібеков, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:
"Қайғылы оқиғаның басты себебі, балалар отырған автокөлік тұраққа қоятын тежегішке тұрмаған. Қасында болған адамдар көлік құралын тоқтата алмаған. Осы факті бойынша Қылмыстық Кодексінің 119-бабының 4- бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде".