Коллекторлар көк тіреп тұр. Түкірігі жерге түспей. Күндіз істе, түнде түсте. Қарызға қатысы бар кез-келген адамның айтатыны осы. Банк берешекті коллектордің қолына ұстатып құтылады, яғни бұл білгеніңді істенің кері. Осы жерден борышкердің басына қара бұлт үйіріледі, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әрине қарызды алмақ болсаң, қайтармақ керек дерсіз. Бірақ айтпағымыз коллектор қауымының жұмысты қалай істейтіндігі хақында. Заңды орындауы тиіс олар сол заңды өздері бұзады, әйтпесе бұзуға борышкерді итермелейді. Бірақ бұлай жалғаса беруі тиіс емес, асауға тұсау салатын кез бар ма?
Иә, қарыз күліп барып жылап қайтады. Банктен, микро қаржы ұйымынан, жеке адамнан ақша алып, қайтармай кететіндер өте көп. Осы кезде, коллекторлар іске араласады.
Яки, банктегілер проблемалы қарызды толықтай коллекторларға сатып жібереді. Әрі қарай бұл іске би болған олар небір әккі амалдарға барады. Несиесін уақтылы өтей алмаған Әсел Әубәкіроваға сөйткен.
Әсел Әубәкірова:
Менің тез тағамданатын мейрамханада жұмыс істеп жүрген кезім еді. Олар мені залға шақырып, қонақтар мен басшылық, әріптестерімнің алдында айқайлай бастады. Тиісті де. Залдағыларға "мынау алаяқ, ақшаны алады да, қайтармайды" дегенді айтты.
Дүйім жұрттың алдындағы "масқаралау" қойылымынан кейін, коллекторлар Әселді көлікпен ұрлап әкеткісі келіпті. Әріптестері араша болып, алып қашудан аман алып қалған көрінеді.
Егер коллектор осылай маза бермей, қоқан-лоқы көрсетсе, оның есіне "Коллекторлар қызметі туралы" заңды салыңыз. Құжатта аталмыш мамандық иесі берешекке тек жұмыс күндері, таңғы 8-ден 21:00-ге дейін, үш рет ғана хабарласа алатыны көрсетілген. Сонымен қатар, коллектор борышкермен бір жетіде тағы да үш рет кездесе алады. Оның барысында қорқытып, қоқан-лоқы көрсетсе, бұл заңға қарама қайшы әрекет етті дегенді білдіреді.
Жә, заң жап-жақсы. Тетіктері орындалса тек. 2017 жылы қабылданған бұл құжаттың талаптарын коллекторлар білмейді емес, біледі. Жай, заңды айналып өтудің жолдарын жақсы меңгеріп алған-ды.
Мысалы, Алматыда 35 коллекторлық агенттік жеке сот орындаушыларымен ауыз жаласып, соңғы жылдар бойы алғашқыларға "электрондық сандық қолтаңбаларын" беріп келген. Осылайша, коллекторлар берешек жандардың мекен жайын, жұмыс орнын, туған туысын, осал жерін танып алған. Бұл аз десе, борышкердің есепшотын бұғаттап, ол жақтан ақша алып, мүлікке тыйым салып, оны саудалап, адамды шетелге де шығармай қойған. Сөйтіп, арнайы базадан қарызы бар қазақстандықтар туралы 200 мың рет түрлі мәліметті анықтаған.
Қайрат Раисов, ҚР бас прокурордың аға көмекшісі:
Номиналды қатысқаны үшін жеке сот орындаушысы жалақы алған. Ол орта есеппен 250-300 мың теңге. Сонымен қатар, сот орындаушылары бұл мемлекеттік-ақпараттық жүйе. Онда сот орындаушылары барлық атқарушылық әрекеттерді жасайды. Онда адамдардың жеке деректері бар. Оған бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған.
Әрине, осындай былықтан соң, ешкім не коллектормен, не жеке сот орындаушымен бір үстел басында отырғысы да, байланысқысы да келмейді. Айтпақшы, Бас прокуратура тексерісінен кейін жеке сот орындаушыларының республикалық палата мүшелігінен 18 маман шығарылған. Біз бұл ұйымға да хабарластық. Сөйтсек, жағдай былай.
Коллекторлармен заңсы әрекетке барғаны үшін 2018 жылы 50 жеке сот орындаушы республикалық палата мүшелгігінен шығарылған, 2019 60 маман, ал биыл, яғни толық 9 айда 30 адам арнайы қызметінен босатылған.
Бұл проблеманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де шешуге ниетті. Олар жоғарыда атаған "Коллекторлар қызметі туралы" заңға өзгеріс енгізбекші.
Ернар Оразбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары:
Бірінші, егер де коллекторлық агенттіктен хабарласатын болса, онда агенттіктен хабарласқа номер сол ұйымға тіркелген болуы тиіс. Егер коллекторлар борышкерлермен кездескенде аудио-видео фиксация болуы керек.
Тағы да екі шектеу бар. Оның бірінде коллектор ақшасын қайтармай жүргеннің танысына, жақынына тек берешектің телефоны мен мекенжайын анықтау үшін ғана хабарласа алады делінген. Басқа сұрақ қоюға құқығы жоқ. Сондай-ақ қарыз өндіруші борышкердің әріптестерінен тың ақпарат білгісі келсе, тек хат-хабарлама арқылы сөйлесуі міндеттеледі. Бұл өзгерістер жыл соңына дейін құжатқа енуі тиіс. Ал, қазірдің өзінде коллектордан опық жеп жүргендер қайтпек керек?
Инна Лапина, заңгер:
Егер борышкер коллектор шектен шығып, заң бұзды, оның іс-әрекетінде қылмыс бар деп есептесе, онда құзырлы органдарға арыз-шағым жаза алады. Бұл бастамада телефонға жазылған сұхбаттасу да дәлел бола алады.
Қаржы нарығын реттейтін агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері 180 коллектор үстінен шағым келіп түскен. Оларға 530 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал, 2019 жылы адамдар 353 маманның қызметіне көңілі толмаған. Айтпақшы, бүгінде бизнес пен жеке тұлға ретінде қарыз алған 7 миллион қазақстандық қаржы ұйымдарына 14 триллион теңге берешек. Оның 93 пайызы банктерге тиесілі.