Өгей әкесі жеті жасынан бастап зорлаған. Мұндай жантүршігерлік оқиғаны зәбір көрген қыздың анасы айтып берді. Баласы жан жарасын 10 жыл бойы жасырып келіпті. Тек былтыр ғана жанайқайын жеткізген. Келіншек бірден полицияға шағым түсіріп, биыл қаңтар айында сот өтіпті. Күдіктінің кінәсі жан-жақты дәлелденгенімен, алқа билер айыпталушыны кәмелет жасына толмаған баланы зорлау бабы бойынша ақтап жіберіпті, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бойжеткен басынан өткерген сұмдық оқиғаны әлі күнге үреймен еске алады. Өгей әкесі оған көз салған кезде әлі мектепке де бармапты. Балалықпен мән бермегенімен, өсе келе өмірі тозаққа айналғанын жеткізді.
Жанна, жәбірленуші:
Ол маған тиісуді бастаған кезде мен мектепке де бармаған болатынмын. Нақты есімде жоқ, 12 ме, әлде 14 жасымда ма, ол мені зорлады. Бұл туралы үйде ешкім білмейтін. Себебі анамды, балаларды ұрып-соғатындықтан айтуға қорықтым. Біреу білетін болса анаңды өлтіремін деді. Жасым 18-ге келгенде мен шыдай алмай барлығын айтып бердім, өмір сүргім келмеді.
Сотта күдіктіге Қылмыстық кодекстің 5 бірдей бабы бойынша айып тағылыпты. Сексуалдық әрекет, зорлау баптарымен бірге жеңгетайлық, заңсыз қару ұстау және сақтау баптары бойынша айыпталған. Алайда істі қараған алқа билер зорлау мен зорлық әрекетттер болмаған деп шешіпті.
Алмат Мұхамеджанов, "Не молчи. Дети.kz" қоғамдық қорының жетекшісі:
Тергеуші тергеу амалдарын жоғары деңгейде жүргізді. Дәлелдер жеткілікті, барлық сараптамалар жүргізілді. Сот-криминалистикалық, психологиялық-психиатриялық, кешенді сараптамалар бойынша қыздың барлығын ойдан шығармай шындықты айтқаны дәлелденді. Бірақ, біз сот шешіміне таңырқап отырмыз.
Мемлекеттік айыптаушы күдіктіні 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда, алқа билер мерзімін 3,5 есе қысқартып, алты жарым жылға бас бостандығынан айырыпты.
Әсел, жәбірленушінің анасы:
Мен Бас прокурордан бұл істі қайта қарауды сұраймын. Мен бұған былай қарай алмаймын. Маған қазір жан-жақтан туыстары мен інісі қысым көрсетуде. Ол да өгей баласын зорлады деп айыпталуда. Маған көмектесіңізші, өтінем!
"Не молчи" қорының өкілдері сотталған адамның інісі де "Зорлау" бабы бойынша қыркүйекте іс қозғалғанымен әлі жауапқа тартылмағанын жеткізді. Гүлсімнің айтуынша, оның қызына өгей әкесі жеті жасынан зорлық көрсетіп келіпті. Бұл туралы келіншек тек биыл ғана біліпті.
Гүлсім, жәбірленушінің анасы:
Қызымның барлық арманны күл-талқан етті. Тұрмысқа шыққысы келмейді, ешқашан баласы болғанын да қаламайды. Бірнеше мәрте өз-өзіне қол салмақ болыпты. Мен естіген бойда бірден шағым түсірдім.
Ал заңгерлер сот шешімі дұрыс емес екенін айтады. Алқа билер арқылы мерзімі азайтылуы мүмкін екенін жасырмайды. Сондықтан апеляциялық шағым түсірумен бірге прокуратура тарапы да наразылық білдіруі тиіс деп есептейді.
Айман Омарова, адвокат:
Бұлар көшеден келгендер, бұлар заңды білмейді. Бұлар эмоцияға берілетін адамдар. Менің ойымша, соттар не істеп жатыр. Соттар ақтаудың мақсатымен, өзінің жазасын төмендету мақсатында осы алқа билерді пайдаланып отыр. Формально дейді. Былайша қарағанда бәрі дұрыс сияқты, заңды сияқты. Ал негізінде балалардың құқығы бұзылып жатыр.
Ал балаларына жәбір көрсеткен ағайындыларды жауапқа тартқызу үшін қос келіншек барын салуды көздейді.