Кеген ауданында жабайы шошқаны заңсыз атқан тұрғын ұсталды

1988 жылы туған азамат Қарқара өзенінің бойынан жабайы аңды атып алғанын мойындады.

Алматы облысы аумағында жүргізіліп жатқан "Шырша" жедел алдын алу іс-шарасы аясындағы арнайы рейд кезінде Кеген ауданының табиғат қорғау полицейлері заңсыз аң аулау дерегін әшкереледі. 32 жастағы аудан тұрғынының қылмысқа қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 1988 жылы туған азамат Қарқара өзенінің бойынан жабайы аңды атып алғанын мойындады. Аң еті тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - деді облыстық ПД ЖПҚБ табиғат қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Естеріңізге сала кетейік, "Шырша" жедел алдын алу іс-шарасы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапрақты жас бұталарды жаппай кесудің алдын алу және орманды қорғау мақсатында ұйымдастырылуда.

Желтоқсан айының 15-жұлдызында басталған арнайы шара жыл аяғына дейін жалғасады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: