Павлодарда зарарсыздандыру сұйықтығына (антисептик) уланған қыз қайтыс болды, деп хабарлайды zakon.kz.
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз хатшысының айтуынша, 2003 жылы туған қыз 2 қаңтарда сағат 18.30-да ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Оған: "Белгісіз заттың уытты әсері. Церебральды ісіну" диагнозы қойылды.
Сағат 20.00-де қыздың жүрегі тоқтап қалды. Жарты сағат бойы қабылданған реанимациялық шаралар өз нәтижесін бермеді, - деп атап өтті Эльмира Темірғалиева.
Сол күні кешкі сағат 21.40-та ауруханаға орташа ауырлық дәрежесіндегі "Бөтен заттан улану" диагнозымен 2004 жылы туылған екі қыз жеткізілді.
Науқастар ауруханадан 14 қаңтарда шығарылды. Денсаулық жағдайы бұзылмаған, тәбеті жақсы, белсенді, - деп толықтырды ауруханадағылар.
Белгілі болғандай, Жаңа жылдың бірінші күнінің кешінде үшеуі 2,5 стаканнан зарарсыздандырушы сұйықтықты сумен араластырып ішкен.
Түнде қыздарға ештеңе болмаған. Бірақ таңертең жүректері айнып, қайта-қайта құса берген. Медицина қызметкерлері мен тәрбиеші бұл оқиға туралы білмеген, - дейді денсаулық сақтау басқармасындағылар.