Жақында Ішкі істер министрлігі мен Интерпол бірлесіп, еліміздің 39 азаматшасын елге қайтарды. Бахрейн Патшалығында тәнін саудалауға мәжбүр болғандардың бірімен Еуразия бірінші арнасының тілшісі сөйлесті, деп хабарлайды zakon.kz.
Өзгеге құл болған бойжеткен – Шымкент тұрғыны. Ол бізден түр-әлпетін көрсетпеуді сұрады. Өзінің айтуынша, осыдан бір жыл бұрын оны алыс туысы жоғары жалақылы жұмыс бар деп алдап, Бахрейн Патшалығына жіберген. Өзге мемлекетке қонған бойдан, азаматша құжатынан айырылыпты.
Адам саудасының құрбаны:
Күтіп алған кезде менің құжаттарымды қолына алып алды. Сосын біз қонақ үйге өтеміз. Қонақ үйге жайғастырғаннан кейін бұл кісі маған: "Сенің құжаттарың менің қолымда болады. Мен сені сатып алғанмын", деді. Мен түсінбеймін, не үшін сатып алды, не істегенін. Сонымен, не деп жатсыз десем, сені сатып жіберді деді. Негізі ойымда да болған жоқ, адам сатады деп.
Төлқұжатын тартып алған Бахрейндік отандасымызға жезөкше боласың дегенде, азаматша тәнін саудалаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Бірақ, жұдырық пен тепкінің астында қалған соң, амалсыз келістім, дейді. Қараңғы қапаста өзге қазақстандықтармен отырып, Бахрейнде тақыр тиын да таппаған кейіпкеріміз алыс туысы оны 5 мың долларға сатып жібергенін де кейін біліпті.
Адам саудасының құрбаны:
Менен кейін де тағы да алып барған, жөзекшелікке алып келіп, сатып, мәжбүрлегеніне куәгер болдым. Оның арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Өздеріне-өздері қол жұмсап, ол жақтан шыға алмай, қиналып, тамырларын кескен жағдайлар болған.
Елімізде 2016 мен 2020-шы жылдар аралығында сексуалдық құлдыққа арбап түсіретін трансұлттық қылмыстық топ жұмыс істепті. Өкінішке қарай, оның құрығына 39 қыз-келіншек түскен. Барлығы да жоғарыда атаған Парсы шығанағындағы елге табан тигізіп, жезөкше атанған. Мұны Ішкі істер министрлігі мен Интерпол анықтады.