Алматы облысында қатты жылдамдықпен келе жатқан Лексус автокөлігі төрт бірдей көлікті соғып үш адам қаза тапты. Куәгерлердің айтуы бойынша, қатты соққыдан кейін жапон көлігі төбеден төнген жарық шамның биіктігіндей биікке көтеріліп барып, жерге құлаған. Жол көлік оқиғасынан тоғыз адам зардап шеккен екен, деп хабарлайды zakon.kz Евразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.
Лексустың өте қатты жылдамдықпен келе жатқанын онымен қатар жылжыған автокөліктер де аңғарған. Жол оқиғасы шамамен 23.30 шамасында орын алған.
Жылдамдықты тым асырған RX300 жүргізушісі белгісіз себеппен Покровка ауылы мен Өтеген батыр ауылының арасындағы жолда қарсы бағытқа шығып кетіп, Volkswagen Golf көлігін соқты.
Соққы алғаннан кейін Volkswagen қарсы бағыттағы жол жиегіндегі темір қоршауға соғылды.
Lexus онымен тоқтамай, қарсы бағыттағы жолда келе жатқан Pontiac Vibe көлігін бір түйреп өтіп, жылдамдығы басылмаған күйі Audi 100 көлігін қоса соқты.
Қатты соққыдан Audi аударылып қалды. Одан кейін Lexus барып Hyundai Accent көлігін соғып, аударылған.
Өркен Құдайберген, куәгер:
- Лексус менің жанымнан қатты жылдамдықпен өтті. Шамасы 180 бар, одан төмен емес. Аудидан көтеріліп барып, Хундай Акцентті соғып, төбедегі жарықтың сымдарына дейінгі биіктікке көтерілді. Қатты жылдамдықпен келгені сонша.
Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Одан бөлек төрт адам ауруханаға жатқызылды. Audi-де отырған жүргізуші мен мен оның жолаушысы болған жүкті әйел оқиға орнында қайтыс болды. Кейінірек Hyundai жүргізушісі де жан тапсырды деген мәлімет жетті.
Айдын Елікбаев, Алматы облысы Іле аудандық ауруханасыбас дәрірегінің медициналық мәселелер жөніндегі орынбасары:
- Төрт науқас жан сақтау бөліміне шұғыл түрде жатқызылды. Бір науқас алған жарақатының ауырлығына байланысты ауруханаға түскеннен кейін қайтыс болды. Қазір бір науқас травматология, тағы үш науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Олардың қазіргі жағдайы ауыр-тұрақты деп бағаланады.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облыстық ПД ресми өкілі:
- Лексус көлігінің жүргізушісі және оның екі жолаушысы Өтеген батыр ауылындағы ауруханаға жатқызылды. ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қолға алынды. Сараптама тағайындалды.