Атырауда қою қара түтін ішінде қалып кеткен балалар құтқарылды, деп хабарлайды zakon.kz.
19 мамырда таңертең Құнанбаев көшесіндегі No26 көп қабатты үйді қою қара түтін басты. Жұмысына шығып, осы арадан өтіп бара жатқан кіші сержант Шалқар Сабырғалиев қою қара түтін мен жанып жатқан сымдарды бірінші болып байқайды. Ол бірден өрт сөндірушілерге хабарласып, өзі көмекке ұмтылады, - деді Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Подъезге жүгіріп келгенімде жоғарғы қабаттардың балконынан әйелдердің айқайлап, көмекке шақырып жатқанын көрдім. Подъезд, баспалдақ қара түтінге бөккен, түк көрінбейді, - деп еске алады Сабырғалиев.
Осы кезде полиция қызметкері Салауат Қарабаев та көмекке келіп жетеді. Өрт сөндірушілер келгенге дейін олар үшінші қабатқа көтеріліп үлгергенмен, бірақ қою түтіннің кесірінен ары қарай бара алмайды. Содан кейін Шалқар үйіне қарай жүгіреді, ал ол қарама-қарсы тұрғын үйде тұратын, ол үйінен противогаз алып шығады. Газдан қорғану маскасын киіп, ол бесінші қабатқа көтеріліп, пәтерлердің біріне кіреді, онда үй иесімен бірге балаларды алып, балконнан көрші подъездің төбесі арқылы сыртқа шығарады.
Тұрғындар қарама-қарсы пәтерде екі баласы бар отбасы тұратынын, бір баласы - екі жаста, ал екіншісі бір айлық нәресте екенін айтады. Бұл пәтерге де Шалқар барады. Ол жердегі балаларды да балконға шығарады. Осы уақытта полиция қызметкері бесінші қабатқа көтеріле алды, сөйтіп екеуі балаларды қолға алып, түтіннің ішімен жүгіріп, сыртқа шығады.
Қалған тұрғындарды өрт сөндірушілер қауіпсіз аймаққа эвакуациялады.
Мен өз міндетімді орындадым. Менің орнымда болған кез-келген сарбаз дәл осылай жасаған болар еді деп ойлаймын. Бізге осылай үйретеді, әскери адам бейбіт тұрғындарды қорғауға міндетті. Соғыс уақытында да, бейбіт уақытта да. Ол ыстық нүкте ме, өрт пе, маңызды емес, - деді кіші сержант Шалқар Сабырғалиев.