Алматыда 20 жастағы қызды қағып, өлтіріп алған Volkswagen жүргізушісі сотталды, деп хабарлайды zakon.kz.
Жазатайым оқиға 26 қаңтарда Бостандық ауданының Өтепов көшесінде орын алған.
Азамат Голотовский М.А. сағат 21.00 шамасында Volkswagen Polo көлігімен батыс бағытта Өтепов көшесімен келе жатқан. Жол қозғалысы ережесінің 10.1-тармағының талаптарын бұза отырып, метеорологиялық және жол жағдайлары қауіпсіздігін ескеріп-елемеген, сақтық шараларын қолданбаған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, көлік құралы тоқтағанға дейін жылдамдықты төмендетуге немесе жол қозғалысына қатысушылар үшін кедергілерді айналып өту сынды шараларды қабылдамағандықтан жаяу жүргінші жолағынан жолдың оңтүстік бағытына өтіп бара жатқан 2000 жылғы С. азаматты соққан. Дене жарақатын алған қыз Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді, ол алған жарақаттарынан қайтыс болды, - деді Алматы қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Сот Голотовскийді ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Жазаның мерзімі сот үкімі заңды күшіне енген кезден бастап есептеледі.