Төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілері Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды
Сурет: akorda.kz
Ақордада төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ресми ақпаратты 2026 жылдың 16 сәуірінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сенім грамоталарын:
- Кувейт Мемлекетінің елшісі Адель Ахмед Сулайман Әл Гунайман,
- Моңғолия елшісі Гунаажавын Батжаргал,
- Монако Княздігінің елшісі Мирей Мартини,
- Эль-Сальвадор Республикасының елшісі Юрий Павел Сантакрус Пердемо тапсырды.
Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Президент елімізде ауқымды реформалар іске асырылып жатқанына тоқталды.
"15 наурызда жаңа, мазмұны жағынан прогрессивті Конституция қабылдау бойынша референдум өтті. Біз "Заң мен тәртіп" қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Білім, инновация және жасанды интеллектіні өрістетуді мақсат еткен мемлекет болуды көздейміз. Биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осы аса маңызды салада жетістікке жету үшін барлық жағдайды жасаймыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан барлық елдермен конструктивті әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған бейбіт және теңгерімді сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті.
"Қазақстанда елдеріңіздің мүддесіне сай келетін мүмкіндік мол екеніне сенімдімін. Келесі аптаның жұмыс кестесі өте тығыз болмақ. Моңғолия Президенті сапармен келеді. Астанада БҰҰ аясында Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырылады. Сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткіземіз. Еліміздегі уақиғаларды мұқият саралап, өзара ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосасыздар деп үміттенемін. Біздің мақсатымыз – ашық нарықтық экономиканы дамыту. Шетелден инвестиция келуіне мүдделіміз. Қазақстан басты халықаралық қаржы институттарымен және ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан", – деді Мемлекет басшысы.
Іс-шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге табыс тілеп, олардың мемлекеттер басшыларына ізгі сәлемін жолдады.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript