Түркістан облысында медбике өзбектерге жалған құжат жасап беріп отырған

Бұл жалған құжат медициналық мекеменің шақыртуы бойынша қызмет алуға, сондай-ақ шетелге шығу үшін мемлекеттік шекарадан өтуге мүмкіндік береді.

Сарыағаш аудандық ауруханасының медбикесі Өзбекстан азаматтарына елден кетуге мүмкіндік беретін медициналық құжаттарды қолдан жасап, сатқан, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.

Күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық режимді бұза отырып, медбике Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасынан өтуге негіз болатын медициналық құжаттарды қолдан жасап, сатқан. Ұсталған адам Қазақстанның медициналық мекемелерінің жалған шақырту-анықтамасын жасады. Бұл жалған құжат медициналық мекеменің шақыртуы бойынша қызмет алуға, сондай-ақ шетелге шығу үшін мемлекеттік шекарадан өтуге мүмкіндік берді. Мұндай жалған құжаттың құны 3000-нан 8000 теңгеге дейін аралықта болған, - ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Тұрғылықты жері мен жұмыс орнын тінту кезінде күдіктіден алдын ала дайындалған мөрі бар 1 266 медициналық бланкі табылды.

Аталған факт бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы, "Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, фирмалық бланкілерді, мемлекеттік пошталық төлем белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан дайындау, жасау немесе сату" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды.

Министрлік жалған құжаттар үшін қылмыстық жауаптылық төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оларды қолданғандар үшін 40 тәулікке қамауға алу түрінде жаза қарастырылатынын еске салды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: