Жамбыл облысында мамандар ауаны ластаушы заттардың бар-жоғын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Жамбыл облысы Байзақ ауданының жол бойында «Қазгидромет» мамандары арнайы құрылғылар орнатып, ауа сапасын тексеріп жатыр.
"Кеше болған жағдайға байланысты бүгін таңертеңнен бастап біз сынама алуға шықтық... Сынаманы алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауаны тексеру үшін, атмосферада ластаушы заттар бар-жоғын анықтау үшін. Оның ішінде шаң-тозаңға, азот оксид, диоксид, күкірт диоксидіне, формальдегидке, сутекті... фторидке қатысты тексеру үшін сынама алып жатырмыз. Қазір мынау - екінші нүкте. Қаланың кіреберіснен жаңа алғанбыз. Енді бұл - екіншісі … Ары қарай баратын тағы нүктелер бар. Жоспар бойынша, бес нүктеден сынама алынады. Бірінші нүктеде тек қана қазір көміртек оксиді бойынша айта аламын. Шектік концентрациясы шектен асқан жоқ. Қалған ластаушы заттардың сынама талдауы зертханада сынама жүргізілгеннен кейін дайын болады", - дейді "Қазгидромет" РМК зертхана басшысы Зәуреш Әбдиева.
Айта кетсек, 26 тамызда сағат 19.00 уақытында Жамбыл облысында жарылыстар болды. Бес адамның қаза тапқаны айтылады. Олардың барлығы әскери қызметкерлер. Зардап шеккендердің саны 90-ға жетті. Жергілікті халық мектептерге эвакуацияланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге дайын екенін айтты.