Масқара қылмысты оқиғадан кейін бүтін отбасының өмірі тозаққа айналды. Қыз зорлағыш әке түрмеге тоғытылды, ал үш баласы бар әйел барлық қиындықпен жалғыз бетпе-бет қалған. Себебі туысқандары олардан теріс айналған, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Үш баланы жалғыз өсіріп отырған 37 жастағы әйел аты-жөнін атаудан бас тартты:
Өзінің туған әкесі болатын. Екінші қызым. Ол кезде 12 жаста еді. Ол қызымды осы бөлмеде осы арада зорлады. Оны үлкен қызым көрген. Сабақтан оралған беті екен. Маған қоңырау шалды, мен жұмысымды тастай салып, үйге жеттім. Оны полиция бірден алып кетті. Мас болатын.
Сот қызын зорлаған еркекті 15 жылға соттаған. Барлық қиыншылықпен бетпе-бет жалғыз қалған әйел тапқанын күнделікті күнкөріске әрең жеткізеді. Жығылғанға жұдырық демекші, осындайда банктен қоңырау шалу да жиілеген. Олар жалғызбасты әйелден сотталып кеткен күйеуінің несиесін төлеуді талап етіп жатыр.
Күйеуім достарыммен несие алған. Бірігіп бизнес ашамыз деген болуы керек. Бірақ, кейін белгілі болғандай, менің жұбайым есірткіге елітіп, бой алдырған болып шықты. Оның үстіне арақты да көп ішетінді шығарды. Мен бұл "времянкада" қалуға қорқамын. Қыста от жағып, жұмысқа кеткенде қатты алаңдаймын. Оның үстіне қожайынымыз жер телімін сатуға шығарды. Енді ол сатылып кетсе, не істеймін. Баратын жерім, басатын тауым жоқ.
Бұл арада өркениет дегенде жарық қана бар. Отбасы суды көршісінен екі күннің бірінде тасып ішеді. Жазда душқа түссе, қыста жуыну деген де бір мәселе. Пеш бүкіл "времянканы" жылытпайды. терезелердің кейбірінде әйнек жоқ.
Бұл отбасыға көмектесу үшін демеушілер табуға Наурызбай ауданы әкімдігі уәде беріпті. Мамандар отбасының әлеуметтік жағдайымен танысып, алда көмек беруге ниетті. Ал әзірге, бұл отбасы жанашыр қазақстандықтардан ғана көмек күте алады.