Оралда туған қызын зорлаған опасыз әкеге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезінде ол еш шімірікпестен, қызын әйелімен шатастырып алғанын айтып ақталған. Мамандардың айтуынша, өңірде осындай жантүршігерлік оқиғалар жиілеп барады. Жыл басынан бері 16 жасөспірім тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Өзіне қол көтерген анасына өкпелі бұл қыз он алты жаста. Туғандарына ренжіп, үйінен кетіп қалуды әдетке айналдырған. Тіпті өзін іздеп тапқан сақшылардан балалар үйіне жіберуді өтініпті. Қазір бұл отбасы арнайы есепте тұр.
Мені анам ұрып-соғып, тіпті тепкілеп тастады. "Өлгің келсе, арам қат! Маған сенің бар-жоғың бәрібір", деп ұрысты. Бірақ өзімді өлтіре алмадым. Өлу оңай емес екен. Қолымнан ештеме келмеген соң, жылай беремін. Кейін қалай өлудің амалдарын іздестіре бастадым. Өзіме пышақ тығып алғым келген. Бірақ олай істей алмадым.
Биыл өз туыстарынан жәбір көрген жасөспірімдер күрт көбейген. Полиция дерегінше, 16 балаға зорлық жасалған.
Мәдина Құспанов, Орал қалалық ПБ ювеналды полиция инспекторы:
Ең сұмдығы, жыныстық сипаттағы зорлық көп кездеседі. Бұл қылмыс түрі 30 пайызға артып отыр. Мысалы, арақ ішіп алып, өзінің туған қызын ұзақ уақыт бойы зорлап келген оралдықтың үстінен іс қозғалды. Ол мастығынан айыққасын, қызын әйелімен шатастырып алғанын айтып, ақталыпты.
Ал психологтар мұны баланың бақылаусыз қалғанымен байланыстырады. Бұған қашықтан оқудың да әсері бар дейді. Өйткені әлеуметтік желіде өзімен-өзі қалған жеткіншек ересектермен танысып, ақырында алданып қалуы мүмкін.
Светлана Кужбанова, психолог:
Үйдегі кішкентай келіспеушілік дер кезінде шешілмесе, мұның ушығып кетуі мүмкін. Тіпті ерте ұйықтату, сабақ оқытудың өзін бала маған зорлық көрсетті деп түсінуі ықтимал. Сондықтан ата-ана мен бала арасында дұрыс қарым қатынас орнауы тиіс. Екі жақ та бір-бірін дұрыс тыңдап, арада түсіністік болуы керек.
Туыстарына өкпелеген жасөспірімдер жақындарынан жырақтай бастайды. Үйінен қашып, мектепке бармайтындардың ішінде өзіне-өзі қол жұмсағандар да бар. Полиция дерегінше, былтыр екі жасөспірім суицид жасаған. Тағы 13 баланың осындай әрекетке барғаны анықталды.