Нұр-Сұлтанда жастар фото түсіру үшін көпір аркасының үстіне шығып алды, деп хабарлайды zakon.kz.
Елордалық полиция департаменті атап өткендей, қоңырау куәгерлерден келіп түсті, белгісіз үш адамның Қабанбай батыр даңғылында орналасқан көпірдің аркасына көтерілгені хабарланды.
Оқиға орнына дереу автопатруль жетті. Құқық бұзушыларды тәртіп сақшылары ұстап, полиция департаментіне жеткізді. Тұлғалардың кім екені анықталды. Олар 18 және 19 жастағы жастар, дейді Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметі.
Құқық бұзушылардың айтуынша, олар мұндай әрекетке Нұр-Сұлтанның панорамасымен бірге әдемі суретке түсу үшін барған.
Тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, жастармен қоғамдық тәртіпті сақтау және алдағы уақытта құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін профилактикалық әңгіме жүргізілді, делінеді хабарламада.
Полиция басқармасы мұндай фотосессиялар көбінесе қайғылы оқиғамен аяқталатынын ескертті, сондықтан әдемі суретке түсемін деп, өміріңізге қауіп төндірмеңіз!
Бақытжан Отарбаева