Сол бір сұмдық оқиғадан соң Ақнұр Әсілбайдың денесінің сау тамтығы қалмаған. Іші мен қолында, бетінде пышақпен тілгіленген іздер қалған. Тамыз айында Шамалғанда тұратын әпкесіне қонаққа келген бойжеткен өмірімен қош айтыса жаздады. Бар кінәсі - таяқ жеген әпкесіне араша түспек болған, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Сол кезде жездесі сөзге келместен он шақты рет пышақ салып, тіпті өлтіруге оқталыпты.
Ақнұр Әсілбай, жәбірленуші:
"Әпкем арғы бөлмеге кетіп қалған кезде мені құшақтап алып қысып, мені пышақтап тастады. Арқамнан екі рет пышақ сұқты. Сол кезде әпкем келіп пышақты алмақшы болған кезде, сол кезде мойныма апарып өлтірмекші болды. Сонымен пышақты алып жатқан кезде бетімді тіліп кетті".
19 жастағы бойжеткен бірнеше күн комада, екі апта ауруханада жатып әрең жаны қалған. Ақнұр әлі күнге жарақатының салдарынан қиналатынын айтады. Бүйрегі мен бауырына да зақым келіпті. Әпкесінің айтуынша, отбасында ұрыс-керіс жиі болады екен. Бірақ қанша жерден керіссе де бұған дейін пышақ жұмсап көрмепті.
Жанар Серікбаева, жәбірленушінің әпкесі:
"Өлім аузынан қалды. Оны өлтірмекші болды. Өлтірем деді. Сосын біз арыз жаздық Қаскелеңнің РОВД-сына, бірақ олардан ешқандай нәтиже жоқ. Екі ай өтті. Бізді ешқайда шақырмайды да, хабарласпайды да. Оны істеген Марат кешірім де сұрамайды. Оған қолданып жатқан шара да жоқ".
Полиция бұл оқиғаға қатысты іс қозғаған. Алайда тергеу соты күдіктіні босатып жіберіпті. Ал балдызын пышақтаған ер адам Тәжікстан азаматы көрінеді.
Ақбота Әзірбек, облыстық ПД ресми өкілі:
"Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодесінің 106-бап, яғни "денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақатын келтіру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні полицейлер сол күні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. 18 тамыз күні тергеу сотының шешімімен бұлтартпау шарасы үй қамағына ауыстырылған".
Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазір сот-медициналық сараптама жасалуда. Алайда жәбірленуші тараптың қорғаушысы істі одан да қатаң жазаға тартатын баппен ауыстыру керек деп есептейді.
Құралбек Дүйсебаев, адвокат:
"106-баппен қозғалған. 106-бап ауыр дене жарақатын келтіру деп есептелінеді. Бірақ жаңа өздеріңіз естідіңіздер. Бұл кісі жүрегінің астынан пышақ ұрған. Арқасынан пышақ ұрған. Бауырына зақым келген. Одан кейін мен сені өлтіремін деп жүгірген".
Жанар Серікбаева сол сұмдық оқиғадан кейін екі баласын ертіп, күйеуінен кетіп қалыпты. Бірақ жолдасы бостандықта болғасын сіңлісі мен өз өмірі үшін қауіптенетін ол үрей құшағында жүргендерін айтады.