ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық ресурсы жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа қарамастан, ел жолдарындағы жағдай күрделі болып қалғанын мәлімдеді.
Қаңтар айының басынан бері жол апатынан 100-ден астам адам қайтыс болып, 400-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.
Соңғы аптада болған екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖКО аз емес.
14 қаңтарда Honda Odyssey автокөлігімен келе жатқан жүргізуші Атырау облысында Доссор – Құлсары – Бейнеу автожолында ВАЗ-2115 автокөлігіне соғылып, салдарынан 5 адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түсті.
Қызылорда облысында 15 қаңтарда Арал – Қазалы автожолында Mazda NPV автокөлігін көктайғақ жағдайында басқарған жүргізуші рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Volvo жүк көлігіне соғылып, салдарынан 8 адам қаза тапты.
18 қаңтарда Жамбыл облысындағы Саудакент – Жаңатас автожолында КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі бұрылыста жол бермей, Audi А6 көлігіне соғылды, жол апатынан төрт адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түсті.
19 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Омбы – Майқапшағай автожолында Киа Rio автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай және басып озу кезінде метеорологиялық жағдайларды (қар жауған, боран) ескермей, Mitsubishi Outlander автокөлігімен соқтығысуға жол берді. Соның салдарынан төрт адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды.
Жолдардағы осы қайғылы оқиғаларға байланысты әкімшілік полиция комитеті жол қозғалысының барлық қатысушыларын қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен автомобильдер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады. Автокөлік иелері ауа райы нашарлаған жағдайда алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Бұдан алдын Құлжа тас жолында жол апаты болып, екі адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.