Абдулла Берлібекұлының жат елде жан тапсырғанына сегізінші күн. Дубайға жұбайымен демалуға кеткен 76 жастағы қарияның кенет жүрек талмасы ұстап, жағдайы нашарлаған. Алайда отандасымыздың өмірін ақ халаттылар арашалай алмапты. Ал марқұмның денесін ағайын-туысы сарыла күтіп жүр. Олар сүйектің дер кезінде келмеуіне сақтандыру компаниясын кінәлап, кеңсесінің алдына жиналды. Дегенмен туристті елге жеткізу шығынын көтеріп алуға тиіс компанияның айтар өз уәжі бар, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Денесін әкеле алмай отырмыз. Өте қиын жағдай. Уақыт болды, жерлеу керек, бірақ жерлей алмай жүрміз. Бар шағымымыз – сақтандыру компаниясы «Номадқа». Жұмысы дұрыс емес. Турға, сақтандыруға ақша төленген. Дубайда арнайы агенттер бар. Солар барып. Бар жұмысты істеу керек. Туыстары барлық жақтан келіп күтіп отыр. Марқұмның туысы Тұяқбай Қантанов
Теңіз жағасындағы бес күндік демалыстың ақысына медициналық сақтандыру да кірген. Демек сақтандыру компаниясы өзге мемлекетте қайтыс болған туристі еліне жеткізіп, бар шығынды мойнына алуға тиіс. Бірақ бұл шаруа сағызша созылды дейді марқұмның ет жақындары.
Сақтандыру бойынша ол жақта ауырып қалған немесе қайтыс болған жағдайда барлық рәсімін алып өздері жіберу керек. Консул айтты. Біз жақтан кедергі жоқ деді. Бірақ сақтандыру компаниясы 6000 доллар төлеу керек. Сақтандыру компаниясы 910 күн не істеп жүр? Неге соның барлығын орнына келтірмейді? Марқұмның туысы Дәметкен Өзбекова
Сақтандыру компаниясының өкілдері жауаптан қашпаймыз деп отыр. Олар: «Мүрдені елге әкелеміз, бірақ қай күні екенін айта алмаймыз» деп, қысқа қайырды.
Сақтандыру компаниясы бар шығынды өтейді. Бірақ туристі елге жеткізу оңай шаруа емес. БАӘ толтыратын құжат көп. Аурухана, полицияға анықтама өткізу керек. Олар тексереді. Барлығы уақыт алады. Құжаттар дайын болған соң консул қол қойып, мәйіт елге жеткізіледі. Репатриация жұмысы нақты қашан аяқталатынын айту қиын. Біз жеделдету үшін барымызды саламыз. Nomad Insurance сақтандыру компаниясының департамент директоры Мұрат Әлібеков
Алайда Абдулла Берлібекұлының туыстары компания басшыларына сенуден қалған. Жақынын жер қойнына тапсыра алмай қиналған олар сыртқы істер министрлігінен көмек сұрамақ.