БҚО-да полиция ауруханадағы сәби өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр

БҚО-да полицейлер екі айлық баланың өлімін тергеп жатыр. Марқұм нәрестенің ата-анасының айтуынша, медбике сәбиге инемен дәрі еккен. 10 минуттан кейін бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қайғыдан қан жұтқан Еламанның айтуынша, сол күні қызы қатты мазасызданып, шырылдап жылаған. Кейін анасы жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарыпты. Сәбиді рентгенге түсіргеннен кейін дәрігерлер "өкпенің қабынуы" диагнозын қойған. Осыдан кейін баланың дәріге аллергиясы бар-жоғын тексеріп, ине салынған. Бірақ кері реакция байқалмаған. Содан кейін дәрінің өзі толықтай салыныпты. Бірақ 10 минуттан кейін сәбидің халі нашарлап, шетінеп кеткен, делінеді Астана телеарнасының сюжетінде.

Дәрігерлер кінәлі. Ем тағайындаған педиатр уколдан соң үйіне кетіп қалған. Жүрекке массаж жасағанда қан жиналады ғой. Жарты сағат бойы жасаған. Экспертизада көрініп тұр дейді, қан жиналған деп. Содан баланы құлатып алған деп, жерге түсіріп алған деп өзімізді айыптады. Бірақ бұл - екінші баламыз. Анасының тәжірибесі бар. Ондай ештеме болмады. Сонда олар өздерінің кінәсін мойындамай тұр. Бізді кінәлап тұр. Баланың әкесі Еламан Орынбаев

Ал аудандық аурухананың басшысы тиісті ем-дом жасалғанын жеткізді. Сондықтан бұл жерде дәрігерді кінәлау бекер екенін айтады.

Сәбиге "кардиомеголия" деген диагноз қойылды, яғни, жүрегі үлкейіп кеткен. Кейін тексерген кезде кенеттен өршіген әлдебір вирустың салдары болар деген ойға қалдық. Өйткені жүректің айналасындағы қабықша қанға толып қалған. Қанның қалай пайда болғаны түсініксіз. Қазір мамандар осыны анықтап жатыр. Бірақ нақты нәтиже әлі шықпады. Бәйтерек аудандық ауруханасының бас дәрігері Темур Мұсағалиев

Бұл оқиға ізімен сот-дәрігерлік сараптама тағайындалған. Сәбидің өлімі кімнің мойнында екені соның нәтижесі шыққан соң айқындалады. Бірақ сараптама қорытындысының қашан дайын болары белгісіз.

Орал
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: