"Хабар 24" арнасының хабарлауынша, қазір су қоймасына секундына 900 текше метрден сәл астам су құйылып жатыр. Мамандар шара қолданып, суды Сырдарияға бағыттауды ұсынып отыр.
Жергілікті билік Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жолдап, онда бірқатар ұсынысты ортаға салды. Үкімет деңгейінде штаб құру қажет екені де айтылды.
"Шардара су қоймасында былтыр осы уақытта 2 миллиард 200 текше метр су болған. Қазір бұл көлемнен 100% артық. Сондықтан менің ойымша, суды Қызылорда облысына қарай біртіндеп жіберу керек. Әр секунд сайын Қызылорда облысының аумағына 630 текше метр су келіп жатыр. Ол кейінгі бес жыл бойы қуат алмаған ескі арналарға жіберіледі. Жалпы ылғал облыстағы шағын және үлкен көлдердің басым бөлігіне жетіп үлгерді"."Қазгидромет" РМК облыстық филиалының басшысы Маханбет Жазықбаев
"Қазводхоз" РМК облыстық филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаевтың айтуынша, қазір республикалық меншіктегі 11 канал арқылы Қызылорда су электр кешеніне су жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар Сырдария өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Шиелі ауданы, Жуантөбе ауылдық округіне жақын орналасқан Күміскеткен, Бұлақтыкөл көлдері мен су қоймаларының жүйесі ылғалға толы. Жайылымдарға да су жіберіледі.
Диқандар биыл шөп мол болады деп отыр. Ал жыл басынан бері Арал теңізінің солтүстік бөлігіне 100 миллион текше метр су жіберілді. Қазір Сырдария өзенінің кей жерлерінде мұздың қалыңдығы 30 сантиметрдей. Осыған байланысты ағын баяулайды. Бірақ бұл қауіпті жоққа шығармайды.
"620-630 текше метр келетіндіктен, бұл қысқы кезең үшін көп. Өйткені өзеннің мұз астындағы өткізу қабілеті - орта есеппен 500 текше метр. Сонымен қатар Сырдарияда Қызылорда, Әйтек, Қазалы су электр нысандары бар".Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бастығы Сейілбек Нұрымбетов
Келіп жатқан судың көлеміне қарай Төтенше жағдайлар департаменті, су шаруашылығы мекемелері әкімдіктермен бірлесе отырып, күнделікті мониторинг жүргізеді, кезекшілік жүктеледі. Өңірге келетін су ағыны одан әрі артады деп болжанды. Сондықтан қазір 100-ден астам маман жағдайды күшейтілген түрде бақылайды.