Бейнероликті осыдан төрт ай бұрын еріктілер түсіріп алған. Ішкілікке салынған келіншек ұлын тек қант қосылған сумен ғана асырап келіпті. Үлкен ұлы, төрт жасар Алеша да аштықтан бұратылып әрең жүр. Көршілері еріктілерден көмек сұрап, балалардың жағдайын айтып шағымданған. Дереу полиция шақырып, бүлдіршіндерді былтыр "Үміт" сәбилер үйіне орналастырыпты. Бірақ әкесі келіп қайта алып кеткен. Бірер күн бұрын сол бір жастағы бөбек шетінеп, төрт жасар бала қараусыз қалған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
"Ешкім де келген жоқ. Балаларға жауапты қызметтің тіпті ісі болмады. Олар бақылауға алса, бір жасар бала өлер ме еді? Атаанасын көріп тұр, қандай екенін, не береді?! Құтылғанша асығады, оларға бәрібір. Көршісі Анастасия Муромцева
Көршілердің хабарлауымен бұл жолы тағы келген еріктілер үйдегі жағдайды көріп шошынған. Шетінеген шақалақ жатқан табытты бөлменің ортасына қойған. Оны жерлеуге араққа салынған ата-анасының мұршасы да болмаған сияқты. Төрт жасар бала бауырының мәйітінің маңайынан кетпей қойыпты.
"Бұл отбасындағы бір жастағы сәби шетінеп кетіпті. Мекенжайын тауып барғанымызда төрт жасар ұл ашқұрсақ, табыттың қасында жатыр. Үстібасы қан-қан екі еркек үйде арақ ішіп отыр. Балалардың анасы да ішіп алған. Кішкентайының өкпесі ауырып шетінеді деді. Қорғаншы бөліміндегілер осы күнге дейін қайда қараған?" Еріктілер тобының жетекшісі Екатерина Голотина
Балалардың 34 жастағы анасы бұған дейін ата-ана құқығынан айырылған. Қамқоршы бөліміндегілер күзде әкесі келгенде балаларды қайтарып беруге мәжбүр болғанын айтады. Себебі, әкесінің үй-жайы бар, маскүнем ретінде еш жерде тіркелмеген. Сондықтан балаларынан айыруға еш негіз болмады дейді білім бөліміндегілер.
"Ата-анасына қатысты ата-ана құқығынан айыруға іс жүргізейін деп жатырмыз. Сот қарайтын болады. Қазір ол бала "Аяла" орталығында орналасқан". Ақтөбе білім бөлімінің бас маманы Мирас Тоқанбаев
Қазір сәбидің өліміне қатысты тәртіп сақшылары ата-анасының үстінен қылмыстық іс қозғаған. Сараптама жасалып, бүлдіршін жүрегі ауырып шетінегенін анықтапты. Енді арақ құмар әке-шешесі бала бағуды ұмытып, ашқұрсақ ұстағаны үшін жазаланады.