Астанада жесір қалған әйел күйеуі жұмыс істеген компаниядан үй талап етіп отыр

Астанада көпбалалы әйел лифтілерге техникалық қызмет көрсететін компаниядан үй талап етіп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Меруерт Қарышева осыдан екі апта бұрын қапыда күйеуінен айырылып қалған. Бір-ақ күнде 4 бала әкесіз қалған. Күйеуі лифтіге қызмет көрсететін компанияда 10 жылға жуық жұмыс істеген. 23 ақпанда жұмысқа кетіп, үйіне оралмаған.  

"Басында аяғы, белі сынды. Тіпті, аурухана жеткізе алмайтынын айтқан. "Бәріне дайын болыңыздар" деп ескерткен. Сосын қайтыс болғанын хабарлады". Меруерт Қарышева

Ақылбек Қарышев қайтыс болатын күні дәл осы бизнес орталығына лифт орнатуға келген екен. Әйелінің айтуынша, марқұм лифтінің шахтасына құлаған. Алтыншы қабаттан жерге құлап түскенде Ақылбек Қарышев сол күйі тіл тартпай кеткен. 

Марқұм отбасымен бірге жалдамалы пәтерде ай сайын 160 мың теңге төлеп тұрады. Ақылбек Қарышев көз жұмғаннан кейін мекеме басшылығы оның отбасына жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер беретінін айтып, уәде еткен.

Алайда Меруерт Қарышеваның сөзінше, компания ұсынып отырған мердігерлер әкімдіктің қара тізімінде екен. Енді 4 баламен жесір қалған әйел пәтер ақысын төлей алмай отыр.

Ал марқұм күйеуі жұмыс істеген мекеме басшысы "қайғылы оқиға болатын күні оны лифт жөндеуге біз жібермедік" деп жауап берген.

"Біз лифтілерге техникалық қызмет көрсететін компаниямыз. Лифтілерді орнататын басқа компанияны жалдаған едік. Ақылбек Қарышев сол жақта қосымша жұмыс істеп жүрді. Ал ол кәсіпкермен арада келісімшарт болмаған. Енді мен "адамдықтан аттамайын" деп, әкесіз қалған балалардың басында баспана болсын деген ниетпен пәтер ұсынып отырмын. Ал марқұмның әйелі ол құрылыс компаниясы "қара тізімде" деп бас тартып отыр". Лифтілерге қызмет көрсететін компания басшысының міндетін атқарушы Виталий Хлевнюк

Жұмыс орнында қайтыс болу фактісі бойынша қазір қалалық еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы қашан шығатыны әлі белгісіз. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: