Самат Асайынов өрт 8 мамыр күні сағат 17:53-те оқшауланғанын атап өтті. Қазір құтқарушылар ағаштардың өртенген қалдықтары мен тамырларды аралаумен айналысып жатыр.
"Бүгін біз Іле-Алатау ұлттық паркінің басшылығымен сөйлестік. Менің ойымша, жұмыс күнінің соңына дейін немесе ертең жойылады деп ойлаймын. Олар ертең бұл аумақта қайталама өрт болмайтынына толық сенімді болған кезде, өрт ауыздықталғанын хабарлайды", – деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Самат Асайынов.
Өрт орнында анықтаушылар жүр. Асайыновтың айтуынша,куәгерлер тау беткейінен жақтан жүгіріп келе жатқан адамдарды көрген, сонан соң қарағай өртене бастаған. Күдіктілерді анықтауға арналған барлық материалдар Медеу ауданының полициясына тапсырылды.
Сондай-ақ, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары зардап шеккен өрт сөндірушінің жағдайына тоқталды.
"Екінші зардап шегушіге жедел жәрдем қызметкерлері дереу көмек көрсетті. Ол ауруханаға жеткізіліп, тексерілді. Оған екінші және үшінші саусақтарының арасы жараланған деген диагноз қойылды", – деп қосты Самат Асайынов.
Іле-Алатау паркіндегі өрт 7 мамыр күні сағат 22:52-де басталған. 8 мамырда түнде қызметтік борышын атқару кезінде, тау баурайында өртті сөндіру барысында Алматы төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, 7-ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Арслан Құрманбеков қаза тапты.