Облыстық ІІД басшысы Бауыржан Әленовтың айтуынша, бұл факті бойынша жедел-тергеу тобы дереу шығып, басқа да арнайы қызметтерге хабарлаған.
"Келушілер арасынан 12 адам мен ойынхананың 240 қызметкері эвакуацияланды. Саперлар тексергенде жарылғыш құрылғылар мен механизмдер табылмады", - деді ол.
Оның айтуынша, бұл факті қалалық полицияға ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы ("Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша тіркелген.
"Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полицейлер 2007 жылы туған азаматты анықтады. Қазір оқиғаны объективті, толық және жан-жақты тергеу үшін барлық қажет жедел-іздестіру жасалып жатыр".Бауыржан Әленов
Бұған дейін Қонаев тұрғындары адамдардың ойын алаңынан белсенді түрде шығып жатқаны түсірілген видеоны бөліскен. Аумақты полиция қызметкерлері қоршауға алып, ойынхананың айналасына көптеген арнайы қызмет көліктері жиналған.
Куәгерлердің айтуынша, тұрғындарға "миналанған нысан туралы қоңырауға байланысты" қауіпсіз қашыққа кету туралы ескерту жарияланған. Қоңырау шалған уақытта ғимарат ішінде келушілер мен қызмет көрсетушілер болған.