Бұл ақпарат Instagram-дағы парақшалардың бірінде жарияланды.
"Мемлекет есебінен тегін тамақтандыруға жататын мектеп асханасында бастауыш сынып балаларына екі жыл бұрын жасалған йогурттар берілген. Қаптамада жарамдылық мерзімі 2021 жыл деп көрсетілген. Мерзімі өткен сүт өнімдері өте қауіпті және ауыр жарақат пен улануға әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай өнімді мектепке жеткізуге кім рұқсат берді, азық-түліктің мердігер өкілі мұндайға қалай жол берді? Біз жауапты қаламыз әрі орын алған жағдайды реттеуді талап етеміз", - деп оқушылардың ата-аналары ашуланды.
Zakon.kz редакциясы облыстық білім басқармасына түсініктеме алу үшін жүгінді. Өз кезегінде олар Қарасай ауданының білім бөлімі осы ақпаратты анықтау үшін жедел жұмыс тобын ұйымдастырып, О.Жандосов атындағы орта мектептің асханасына тексеру жүргізгенін жеткізді.
"Тамақтану сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесінде "Айналайн" компаниясы шығарған "Растишка" йогуртының мерзімі өтіп кеткені анықталды. Осыған байланысты оны пайдалануға тыйым салынды". Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметі
Сондай-ақ, құзырлы ведомство оқу орнының басшылығына, сондай-ақ мерзімі өткен йогурттың жеткізушісіне қатысты қандай шаралар қабылданғанын айтты:
"Мектеп директорына тәртіптік шара қолданылды. Жеке кәсіпкерге хабарлама жіберілді. Асхананың жұмысы қатаң бақылауға алынды".
Қазақстанда 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін тамақпен қамтыла бастады.