Қазақстан оқушылары "Вейпсіз әлем" челленжіне қатысты

Республика бойынша 500-ден астам оқушы "Вейпсіз әлем" суреттер челленджіне қатысты. Аталған жоба 2-25 қазан аралығында елімізде жасөспірімдер мен жастар арасында электронды жүйелер мен вейптердің таралуына қарсы күрес мақсатында іске қосылған еді.

Челленждің басты мақсаты − балалардың салауатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылысын қолдау және олардың вейпингтің зияны туралы хабардарлығын арттыру.

Қатысушылар залалды әдеттерден бас тартып, оларды денсаулықты сақтауға ықпал ететін белсенді әрекеттермен алмастыруға шақырылды.

"Бүгінде республиканың әр мектебінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті әзірлеген "2023-2025 жылдарға арналған оқушылар мен жасөспірімдер арасында электронды темекі/вейптарды тұтынудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру бойынша Жол картасы" іске асырылып жатыр", - делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.

Бұған дейін Қазақстанда 11-15 жастағы жасөспірімдердің 10%-ы вейп шегетіні белгілі болған еді.

11 қазанда депутаттар үкіметтен Қазақстандағы вейп мәселесін тез шешуді талап етті. Бұл туралы мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді. Ол жауапты мемлекеттік органдардың бұл мәселе бойынша әлі нақты шешімі жоқ екенін атап өтті.


"Осы мәселеге қатысты мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Ол бұл мәселені көтерді. Депутаттар да талай рет көтерді, бірақ әлі нақты шешім жоқ. Сондықтан Тамара Қасымқызы (Дүйсенова, премьер-министрдің орынбасары - ред.), Нақты шешім қабылдайтын уақыт келді. Біз біртұтас ұстанымға келуіміз керек. Өйткені ол біздің балаларымыздың және болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселені шешуді тездету керек".Ерлан Қошанов
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: