Министрлік: Қазақстандағы қызылша "АҚШ зертханаларымен" байланысты емес

Желі қолданушылары Қазақстандағы қызылша ауруының күрт өсуін кейбір "америкалық биологиялық зертханалардың" жұмысымен байланыстырды. Дегенмен бұл хабардың жалған екені белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Stopfake.kz порталының хабарлауынша, қазақстандықтар арасында тағы бір жалған ақпарат тарап жатыр. Онда елдегі қызылша ауруын кейбір "АҚШ биологиялық зертханаларының" жұмысына байланысты дейді.

Осы посттардың бірінде қызылша ауруы "қауіпті мекемелер" орналасқан аймақтарда байқалатынын айтады. Басқа қолданушылар Telegram арналарының бірінен Шымкентте "қызылша шашатын" автобус жүріп келе жатқаны туралы әзіл аралас жазба қалдырды. Қазақстан мектептерінде міндетті түрде маска режимі енгізіледі деген қауесет те тарап жатыр.

Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде жоққа шығарды. Америкалық биологиялық зертханалар немесе "қызылша автобусы" жоқ. Мектептерде маска тағу режимін енгізу де жоспарда жоқ.

"Шын мәнінде, Қазақстандағы балалар арасында қызылша ауруының артуы коронавирус пандемиясы кезінде жоспарлы екпелерді өткізіп алуға, ата-аналардың екпеден бас тартуына және екпенің қаупі туралы жалған теріс ақпараттың тарауына байланысты. Нәтижесінде вакцинаға тәуелді ауруларға бейім адамдар саны артты. Әлеуметтік желі қолданушылары мен барша азаматтан тек ресми ақпарат көзінен алынған сенімді ақпаратқа сенуді сұраймыз", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның ауа тамшысы арқылы тарайтынын еске салды. Бұл қауіпті аурудан вакцинация арқылы іқорғана аламыз. 6 қарашада Қазақстанда қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Екпе алты айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға салынады.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда мифтік "АҚШ биологиялық зертханаларының" бар екенін ресми түрде жоққа шығарған еді.

Қазақстан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: