Қазақстанда оң рульді авто конструкторларды әкелуге тыйым салынады

Елімізде қауіпсіздік стандарттарын сақтау мақсатында оң рульді автокөліктерді бөлшектелген түрде әкелуге тыйым салынды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан азаматтары мұндай көлік құралдарын конструкторлар түрінде әкеліп заңнама нормаларын айналып өтіп жатыр. Осылайша, ол көліктердің қауіпсіздігіне көз жеткізбей жолға шығып жүр және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіреді. Бұл шектеу осындай бұзушылықтардың алдын алуға және жол қозғалысының барлық қатысушысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

"Жол жүрісі туралы" ҚР Заңының 67-бабына сай, 2007 жылдан бастап Қазақстанда оң рульдік автомобильдерді заңдастыруға тыйым салынғанға дейін аталған көліктерді заңдастыруға мүмкіндік болған.

"2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ҚР аумағына бір реттік 200 мың теңгелік заңдастыру шеңберінде 240 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Оның ішінде 22 мыңға жуығы – конструкторлар, яғни оң рульді көліктер. Бұйрық күшіне енгенге дейін әкелінген машиналар белгіленген заңнама шеңберінде заңдастырылады", - делінген хабарламада.

Аталған бұйрық 16 қаңтардан бастап күшіне енеді. Тыйым салу шараларын Шекара қызметі және Мемлекеттік кірістер комитеттері іске асырады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: