"Әкімдік пен прокуратураң да бізге түк істей алмайды!". Қаскелеңде үлескерлер шу шығарды

Сурет: Zakon.kz
Алматы облысында "Торедо" құрылыс компаниясының үлескерлері шу шығарды. Аталған құрылыс компаниясы осыдан екі жыл бұрын алты тұрғын үй кешенін сала бастапты. Бірақ бір де бір кешен әлі соңына дейін салынып бітпеген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үлескерлердің есебінше, серіктестікке құйылған қаражаттың көлемі 2 жарым миллиард теңге. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір компанияның бас директоры ғана қамауда отыр. Бірақ қалған мүшелері халықтың ақшасына дүние-мүлкін сатып алып, еркіндікте емін-еркін тайраңдап жүр. Индира Құдайбергенова құдайдың құтты күні осы құрылыс басына келетін болған. Екі баласын ертіп сабылып жүруіне де себеп бар. Былтыр соғылып бітуі керек үйінің қазір тек іргетасы ғана құйылған. Көпбалалы ана бес бөлмелі баспанаға екі  жыл бұрын 10 миллион құйған, жартысын 10 жыл бойы буып-түйіп жинап, қалғанын несиеге алған, деп хабарлайды КТК.

"Төрт баламен жүрмін пәтерден пәтерге көшіп. Көп балалыларды ала бермейді ғой. Үй иесі ұрсады. Ұрысқан кезде осы жерге келіп көріп кетемін. Әлі жоқ. Енді не істеуім керек? Сол жинаған ақшам күйіп кетті. Қыста, суықта қаңғып жүрміз".Индира Құдайбергенова

Алдандым деп шырылдап жүрген Индирадан бөлек, тағы 150 адам бар. "Торедо" компаниясы осыдан екі жыл бұрын Қаскелеңде "Home Южный", "Home 1", "Home 2", "Home Sau", "Home Mak", "Арман" сынды алты бірдей тұрғын үй кешенін сала бастайды. Құрылысы бітпей жатып үлескер тартқан. Бәріне бірдей "әне-міне аяқталады" деп, қаражатты түгел алған. Сөйтіп ақыр соңында құрылыс тоқтап қалған. Үйлердің бірі шатырына дейін жабылып аяқталуға шақ қалса, өзгелерінде іргетасы ғана құйылып тұр. Осы мәселеге қатысты үлескерлер арыз түсіріп, компанияның бас директоры ғана қамауға алынған. Қалғандары халықтың ақшасына шетелде шалқып жүр дейді.

"Сағындықов Айдын келіншегімен, Төреханов Диас Мысырда қыдырып жүр, сол ақшаға. Теңізге түсіп, Түркияда демалып жүр. Қаладан элиталы кешеннен 1-2 пәтер алған екен. Су жаңа көлік сатып алыпты. Өздерінің жеке басына, қажетіне жаратып жүр, 2 жарым миллиард теңгені".Бекмұрат Барлыбек

"Ешқандай негіз жоқ, оларды отырғызатын дейді. Қалай?! Олар — ұйымдасқан қылмыстық топ! Бесеуін отырғызбай, олар қазір еркіндікте жүр. Соққан үйлерін көріп жатырмыз. Диастың өзін іздеп жүріп тауып алған кезде, "әкімдік пен прокуратура міне" деді. "Бізден алатынды алып отыр, не істейсіңдер бізге" деді".Салтанат Беркімбаева

Үлескерлердің жиынына шенеуніктер де келе қалды. Бірақ неге келгенін өздері де түсінбейді. Жеке тұрғын үй құрылысы болған соң, "біздің бұл мәселеге қатысымыз жоқ" деп отыр.

Рустам Атшабаров, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары:

— Сіздерге қатысы жоқ па, бұл мәселе?

— Жоқ-жоқ.

— Онда неге келдіңіздер?

— Халық жиналғаннан кейін келіп тұрмын.

— Не істейсіз, халыққа, қазір?

— Сіз енді сұхбат алып отырсыз ғой.

— Сіз келіп тұрсыз ғой, әкімдік тарапынан. Халық жиналып, 150 адам алдандық деп отыр. Енді сіздердің тараптарыныңздан қандай да бір әрекет бола ма?

— Бұл жерде қылмыстық іс ашылған.

Қылмыстың іс қозғалып, компания басшысының қамауда отырғанын полицейлерден де естідік. Қазір тергеу жүріп жатқанын жеткізді олар. Бірақ, өзге мәліметті ашып айтпай отыр. Десе де, алдандық деген үлескерлер осы былыққа қатысы барлардың бәрін жауапқа тартуын сұрауда. Яғни, менеджерінен бастап, өзге де директорларының қолына кісен салу керек дейді. Өйткені, бір ғана адам қамалса алты тұрғын үй кешенін кім соғып бітіреді? Қалғандары сонда шетелде қыдырып жүре бере ме? Өзгелерінің қатысы бар-жоғы енді тергеу барысында анықталар. Бірақ, үлескерлер іс сиырқұмышақтанып, кінәлілер жауаптан жалтарып кете ме деп қорқып отыр.

Алматы облысы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Аяз ата келіп тұр: Атырау ауруханасында кішкентай науқастарды ерекше құттықтады

Түркістандық оқушылар Президент шыршасына қатысты

Қазақстандағы уақыт белдеуін өзгерту: Үкімет кезекті мәлімдемесін жасады

Ақтаудағы ұшақ апаты: ТЖМ түсініктеме берді

Павлодарда мемлекетаралық іздеуде жүрген такси жүргізушісі ұсталды