Қазақстан аумағында әскери техника қозғалады: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Сурет: Telegram/modgovkz
Министрліктің мәліметінше, 24 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Ресей Федерациясының аумағында ҰҚШҰ-ның "Өзара іс-қимыл – 2026", "Іздеу – 2026" және "Эшелон – 2026" оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланған.
"Оқу-жаттығуларға дайындық және оларды өткізу аясында 21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында әскери техника мен жеке құрам Қазақстан аумағы арқылы теміржол көлігімен Ресейдің Челябі облысындағы Мисяш станциясына және кері бағытта жоспарлы түрде тасымалданады. Оқу-жаттығу барысында әскерлерді қайта топтастыру, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталатын далалық сабақтар өткізіледі", – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бекітілген жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес өткізілетіні атап өтілді.
""Өзара іс-қимыл – 2026", "Іздеу – 2026" және "Эшелон – 2026" оқу-жаттығулары тұрақты түрде және ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өткізіледі", – делінген министрлік хабарламасында.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздердегі мәліметтерге сүйенуге шақырды.
"Көрінеу жалған ақпарат тарату, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады", – деп ескертті Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін, 2026 жылғы 5 қыркүйекте, Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға шұғыл үндеу жасаған еді. Онда 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы "Көктал" полигонында ҰҚШҰ-ның "Шеп – 2026" бірлескен оқу-жаттығуы өтетіні хабарланған. Сол кезде де азаматтардан тексерілмеген ақпаратты таратпау және ресми дереккөздерге сүйену сұралды.