7-30 қыркүйекте үш облыста әскери техника жүріп өтеді: Қорғаныс министрлігі ескерту жасады
Сурет: gov.kz
Қазақстандықтарға 12-19 қыркүйек аралығында Жетісу облысындағы "Көктал" полигонында ҰҚШҰ-ның "Рубеж-2026" бірлескен оқу-жаттығуы өтетіні хабарланды.
Ресми мәлімдемеде былай делінген:
"Оқу-жаттығуға дайындық және оны өткізу аясында 7-30 қыркүйек аралығында Алматы және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Жетісу облысының аумағында әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүзеге асырылады", – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ оқу-жаттығу барысында далалық сабақтар өткізіліп, әскерлерді қайта топтастыру, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау мәселелері пысықталатыны айтылды.
Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бекітілген жауынгерлік даярлық жоспарларына сәйкес өткізіледі. "Рубеж" оқу-жаттығуы тұрақты түрде ұйымдастырылып, Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өткізіледі.
"Азаматтардан, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен және әлеуметтік желі қолданушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерге сүйенуді сұраймыз", – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі әдейі жалған ақпарат тарату, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.