Майқайыңда кенішке жақын елдімекендердің жер асты тексеріліп жатыр

"Майқайың алтыны" АҚ шахталарына жақын орналасқан елдімекен тұрғындары үйлерінің астындағы жерді зерттеуге қол жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шахта маңы опырылғаннан кейін сол маңдағы "Шанхай" деп аталатын елдімекеннің тұрғындары ХХ ғасырдың 30-жылдарында салынған үйлерінің астында қуыс орындар болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіре бастады. Баянауыл ауданының әкімдігі Майқайың кентінің аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Бұл жағдайды шұғыл зерттеуге мүмкіндік береді.

 "Неліктен біз төтенше жағдай жарияладық дейсіз бе? Қысқа мерзімде геосканер жүргізіп, есеп пен ұсыныстар алу үшін. Олардың негізінде жердің жай-күйі туралы сараптамалық қорытынды жасау керек", - деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.

Айта кетсек, "Ашық НҚА" порталында жарияланған жобада 1 наурыздан бастап Баянауыл ауданы Майқайың кенті аумағында жергілікті ауқымдағы техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау туралы жазылған.

"1 наурыздан бастап Майқайыңда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұған "Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты кеніште 4 қаңтарда пайда болған ойықтың жақын маңдағы үйлерге қауіп төндіру мүмкіндігі себеп болып отыр. Мамандар қазір жер үйлер орналасқан аумақта және оған жақын жерлерде пайда болуы мүмкін жерасты кеңістіктерін, жарықтарды зерттеп жатыр", - деді Павлодар облысы ТЖД бастығы Жасұлан Жұмашев.

Айта кетсек, 2024 жылдың 4 қаңтарына қараған түні "Майқайыңалтын" АҚ технологиялық жолында үлкен шұңқыр пайда болып, жер опырылып түсті. Оған Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің төрт қызметкері бар автобус құлап кетті. Топырақ астынан екі адамның денесі – Олег Тишкевич пен Бердіхан Сарқыттың денесі бірден табылды.  Алайда, өкінішке қарай, Айдос Шаймерден мен Айып Тілеубергеновтер табылмады. Іздеу-құтқару жұмыстары 23 ақпанда тоқтатылды.

Павлодар
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: