Қанат Бозымбаев көне Сарайшық қалашығын қорғауды тапсырды

Вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жайық өзені бойы аумағын әуеден барлады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар жағаларды нығайту және дамбалар салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Бұл гидробекеттерде: Индербор ауылында 33 см-ге және Махамбет ауылында 60 см-ге дейін су деңгейінің көтерілгені туралы соңғы мәліметке байланысты әсіре маңызды болып отыр.

Индер ауданындағы жағалауды нығайту жұмыстарының барысы тексерілді. 87 бірлік техника мен 505 ерікті жұмылдырылған. 14,9 шақырымға құм мен 103,5 мың қап төселді. Мұндай шаралар Махамбет ауданында да қолға алынып, дамбаларды нығайтуға 4 мың ерікті мен 210 техника жұмылдырылып, 12,8 шақырымға құм төселді.

Қанат Бозымбаев Жайық өзені бойындағы көне Сарайшық қалашығына барды. Вице-премьер тарихи ескерткіш аумағын сақтау және қорғау жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырмалар берді.

Сурет: primeminister.kz

Айта кету керек, Жайық жағалауын нығайту жұмыстары Атырауда да жүргізілуде. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 107 учаскеге бөлінген, олардың әрқайсысына жауапты маман бекітілген. Бүгінде 32 шақырым дамба орнатылып, 503 бірлік техника, 9 мыңға жуық ерікті жұмылдырылған, 373 мың қап төселді.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Индер ауданындағы Құрылыс және Жарсуат ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Бұл аумақта жағалауды қорғау жұмыстарына ауыр техника қажет. Қанат Бозымбаев Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарынан қосымша техника тартылатынын айтты. Олар аудан әкімдерінің берген өтініштеріне қарай таратылады. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі тарапынан қосымша күш мен құрал тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Жайық өзені бойындағы осал тұстарды одан әрі нығайту бойынша бірқатар тапсырма берді. Бұл шаралар алдағы уақытта су тасқынының алдын алуға және елді мекендер мен ерекше жерлерді қорғауға бағытталған. Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі.

Атырау Бозымбаев Қанат
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: