Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы 2024 жылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
"Бұл кезең аясында еліміздің әр өңірінде екі ауылдан және бір қаладан – барлығы 54 елдімекен қамтылады".Ұлттық статистика бюросы
Сурет: gov.kz
Санақты Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері жүргізеді. Оған заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, шаруа және фермер қожалықтарын қоса алғанда, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын үй шаруашылықтары қатысады.
Санақ сауалнамалары өз бетінше толтыру үшін 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін sanaq.gov.kz сайтында қолжетімді болады. Сондай-ақ үй шаруашылықтарына арнайы киінген (ақ қалпақ пен оның жеке басын куәландыратын бэйджы бар) және қолында планшеты бар интервьюерлер барады.
"Ауыл шаруашылығы санағы мәселелері бойынша кеңес алу үшін 1446 байланыс орталығына немесе телеграмдағы statgovkz_bot ботына хабарласуға болады".Ұлттық статистика бюросы
2024 жылғы 24 шілдеде Қазақстанда пилоттық ауыл шаруашылығы санағын қалай өткізетіні туралы Ауыл шаруашылығы статистикасы департаментінің Ұлттық санақ жүргізу басқармасының басшысы Әсел Сәрсекова айтқан болатын.