Желідегі видео: Алматыдан Астанаға қатынайтын пойыз билеті екі есе қымбатқа сатылған

Интернетте Алматыдан Астанаға бағытындағы пойыз билетін жоғары бағамен сатқан кассирдің видеосы жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Видеода жеке кассада жұмыс істейтін әйелді көруге болады. Ол QR-код арқылы 5 мың теңге алдын ала төлем жасаса, билет алуға "көмектесе алатынын" айтады. Содан кейін билеттің өзіне 10 мың теңге және "алғыс үшін" тағы 5 мың теңге төлеу керек болады. Нәтижесінде Алматыдан Астанаға қатынайтын пойыз билетінің құны 20 мың теңгені құрады, бұл - ресми бағадан екі есе көп.

Қазақстандық тасымалдаушы "ҚТЖ" ҰК" АҚ аталған оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, шара қабылданғанын жеткізді. 

"ҚТЖ қайта сатып алушылармен күрес бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Алматы -1 теміржол вокзалында жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, кезекті тексеру жүргізілді. Соның барысында жеке кассада билеттерді белгіленген құннан екі есе жоғары бағамен сату фактісі анықталды. Тексеру кезінде жеке кассаның жұмысы тоқтатылды. Тергеп-тексеруге арналған материалдар уәкілетті органдарға берілді". "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі

Бұған дейін жол жүру құжаттарын қайта сатудың алаяқтық схемасы Алматы – 2 вокзалындағы жеке кассада ашылған болатын. 

"ҚТЖ-да билетсіз жолаушыларды тасымалдау және жол жүру құжаттарын заңсыз сату фактілеріне нөлдік төзімділік саясаты қолданылып келеді". "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі


2024 жылдың 24 шілдесінде билетсіз жолаушыны пойызға мінгізген пойыз бастығы мен жолсеріктің жұмыстарынан айырылғаны белгілі болды. 

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: