Петропавлдағы Былғары зауыт ықшам ауданында салынып жатқан жаңа бөгетте пайда болған жарықтардың видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Көктемгі тасқыннан кейін есін енді жиған жұрт тағы да сары уайымға салынды. Өйткені былтыр көктемде Былғары зауыт ықшам ауданында 360 үйді су басқан еді. Оның тең жартысы апатты деп танылып, сүрілді. Ал, күзде жаңа бөгеттің құрылысы басталды. Бірақ қыс өтпей жатып сапасы сыр берді. Мамандар оны топырақ қабатының отыруымен байланыстырады, деп хабарлайды 24KZ.
"Қазір топырақты қайта қазып алып, инерттік материал әкеліп төсейміз. Сонымен қатар бөгеттің оң жағы кеңейтіледі. Енді техникалық қадағалау және жобалау институты мамандары сараптама жасап, қосымша нұсқаулар беруі тиіс".Виталий Петренов, медрігер ұйымның өкілі
Былғары зауыт ықшам ауданындағы бөгеттің жалпы ұзындығы – 4 шақырым. Биіктігі – 7,5 метр, ал ені – 3 метр. Оның құрлысына демеушілер тарапынан 2,5 млрд теңге бөлінген. Қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс әлі толық аяқталған жоқ. Қазір болған жағдайға қатысты комиссия құрылды.
"Комиссия құрамына төтенше жағдайлар департаменті, прокуратура, мердігер ұйым, жобалаушы, техникалық қадағалау және қалалық әкімдік өкілдері кіреді. Олар мән-жайды толық тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарын анықтайды".Сергей Мелехов, қала әкімінің орынбасары
Қазір бөгеттің жарылған жерлері қайта бұзылып жатыр. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан кейін 32 шақырым топырақ үйіндісі салынды. Сондай-ақ бүгіндері өңірдегі Сергеевка су қоймасының тасу қаупі жоғары.