Спортшы Арман Алимов іс бойынша басты айыпталушы Хасан Қасымбаевпен 2016 жылдан бері таныс екенін айтты.
"2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданында атыс болды. Сол кезде Мәдиар Қалимжанов жарақат алды. Осы оқиғадан кейін маған түрмеден Хасанның ағасы Ержан Қасымбаев қоңырау шалды. Ол менен осы атысқа қатысым бар-жоқтығын, ол жаққа адамдар жіберіп-жібермегенімді сұрады. Мен жоқ дедім, тек ол жерге менің таныстарым барғанын айттым", – деді жәбірленуші.
2021 жылы Арман Алимовтың танысын ұрып-соққан. Ол оны ауруханаға іздеп барғаннан кейін соңынан бақылау басталғанын айтты.
"Менің спортшы досымды Қасымбаевтың адамдары ұрып-соққанын естідім. Содан кейін үйімнің жанында бір көлік үнемі аңдып тұрғанын байқадым. Бұл екі аптадай жалғасты. Бірақ ол кезде мені аңдып жүргенін білмедім... Балаларға турник орнатып жатқанмын, сол жерде Руслан Әлиевті көрдім, содан кейін ғана мені аңдығандарын түсіндім", – деді ол.
Жәбірленуші өзіне қалай шабуыл жасалғанын да баяндады.
"Дүкеннің жанында сотталушылар бесеулеп маған жабылды. Дайын тұрған көлік болды. Мадияр маған амандасып, қолымнан ұстап қалды. Біреуі аяғымнан ұстап, аударып тастады. Қолдарымен ұрғанын ғана көрдім. Есімнен танып қалдым. Оянғанда көліктің артқы орындығында жатыр екенмін. Руслан аяғымнан, Мадияр кеудемнен ұстап тұрды, басымды Ақтанов қысып алды. Олар мені Талғардың сыртындағы далалы жерге алып кетті. Күн батып келе жатқан. Мені далаға лақтырып, тергеуге алды. Сұлтанбеков пен Асқаров мені битамен ұрды", – деді Алимов.
Оның айтуынша, күн еңкейіп қалған кезде Сайлау оны тергеп, қашан ұру керегін айтып отырған.
"Мадияр Қалимжанов жейдесін шешіп, оқтан жараланған жерлерін көрсетті, жылады, мүгедек болып қалғанын айтты. Олар атыс жайлы білгісі келді, мені айыптады. Сол сәтте Ақтановтың Қасымбаевқа қоңырау шалып, "ары қарай не істейміз" деп сұрағанын анық естідім. Руслан мені видеоға түсіріп тұрды, қалғандары азаптады. Кейін Қасымбаев келіп, бірақ көліктен түспеді, терезесін түсірді, мен оны көрдім. Ол: "Жетеді, кеттік, әшкере болдық, қызметкерлер келе жатыр" деді. Олар жылдам көліктеріне отырып кетті. Менде телефон бар еді, таныс таксистке қоңырау шалдым, ол келіп алып кетті", – деді Арман Алимов.
Айта кетсек, Талғарда "Хуторские" деген ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ретінде танылған Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны 2024 жылғы 4 қарашада белгілі болды. Кейін Алматы облысы ПД ол уақытша ұстау изоляторына "қасақана ауыр дене жарақатын келтіруге және ММА спортшысы Арман Әлімұлын ұрлауға қатысы бар" деген күдікпен қамалғанын нақтылады. Тамыз айының басында тергеу аяқталды.