Интернет-алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырып, жалған сайттар мен күмәнді сілтемелер арқылы жеке мәліметтерін иемденуге тырысады.
Бұл тұрғыда полиция үшін алдын алу шараларын күшейту негізгі бағыттардың біріне айналып отыр. Шымкент қаласының полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесіп, мешіттерде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жұма күні адам көп жиналатын уақытта полицейлер интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы ақпарат беріп, жеке деректерді қорғау жолдарын түсіндіруде. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды хабарламау қажеттігін ескертеді.
Алдын алу шаралары барысында көбіне алаяқтардың арбауына түсетін егде жастағы азаматтарға ерекше назар аударылады. Тәртіп сақшылары күмәнді қоңырауларға жауап бермеу және жеке мәліметтерді қорғаудың маңыздылығын жан-жақты жеткізуде.
Бүгінгі таңда профилактикалық жұмыстармен қаладағы 100-ге жуық мешіт қамтылып, 30 мыңнан астам тұрғын ақпараттандырылды. Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: қырағылық пен цифрлық сауаттылық – интернет-алаяқтықтан қорғанудың басты кепілі.