Қайғылы жағдай туралы 2026 жылғы 24 маусымда марқұмның отбасылық адвокаты Инга Иманбай мәлім етті.
"Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Ербаян осы екі жыл бойы өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселелер ашық айтыла бастады. Кейде бір адамның тағдыры бүкіл жүйеге өзгеріс әкеледі. Ербаян дәл сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан біз оны тек ауыр тағдыр иесі ретінде ғана емес, армиядағы қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз", – деп жазды Инга Иманбай Facebook парақшасында.
Сондай-ақ оның емдеуші дәрігері Ұлпан Советбекқызы да көңіл айтты:
"Болған жағдайдың қайғысы мен әділетсіздігін сөзбен жеткізу өте қиын. Мен оның ғана емес, жақындарының да жан азабын көрдім. Әрбір кішкентай жетістік бізге қуаныш сыйлайтын. Біз жоспар құрдық, сендік, үміттендік. Бірақ тағдыр басқаша шешті…"
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі де осы жағдайға байланысты кең көлемді мәлімдеме таратты.
Ведомство мәліметінше, дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін үш жылға жуық күрес жүргізгенімен, алған ауыр бас-ми жарақаты салдарынан дамыған қайтымсыз өзгерістер өмірмен үйлеспеген.
"Пациент Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бастап алған ауыр бас-ми жарақаты салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы персистирлеуші вегетативті күй сақталды. Қарқынды терапия жүргізілгеніне, соның ішінде респираторлық қолдауға қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің үдемелі нашарлауы байқалды: қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы үнемі аса ауыр болды". Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар науқас Түркияда ем қабылдаған, онда бастапқы диагноз расталған.
2026 жылғы маусым айында негізгі аурудың асқынуы нәтижесінде инфекциялық асқынулар дамып, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы тіркелген.
"2026 жылғы 23 маусым күні сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Қайтыс болудың тікелей себебі – ауыр бас-ми жарақатының салдары мен қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы", – делінген ведомство хабарламасында.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ербаян Мұхтар 2023 жылғы 4 желтоқсанда әскери қызмет кезінде дәретханада кафельге құлап, басынан ауыр жарақат алған. Ол Ұлттық ұлан бөлімшесінде әскери қызметте болған. Осы факті бойынша тергеу басталған, алайда күдіктілер анықталмаған.
Жарақат алғаннан кейін ол еңбекке жарамсыз болып, мүгедектік алған. Оған бірнеше ота жасалып, Түркияда да ем қабылданған.