Ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі Грузиямен арадағы достық қатынастарды бағалайтынын атап өтті.
"Біздің елдерімізді тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылықтар мен халықтарымыздың арасындағы берік байланыстар біріктіреді. Бұл – өзара серіктестігіміздің негізі. Біз жаңа ғана нәтижелі пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенімізді растадық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қазақ-грузин қарым-қатынасын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
"Сауда-инвестициялық ықпалдастық екі ел байланысының өзегі саналады. Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды. Әрі аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кіреді. Мемлекеттеріміз энергетика секторында табысты ынтымақтастықты жолға қойды. Біз Баку – Тбилиси – Джейхан құбырымен мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға ниеттіміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі кездесу келешектегі жаңа басымдықтарды айқындауға септігін тигізеді деп үміттенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Сурет: akorda.kz
Өз кезегінде, Ираклий Кобахидзе Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскеніне тоқталды.
"Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы сенімді серіктесіміз. Орайлы сәтте Сізді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл Сіздің тегеурінді басшылығыңызды және Қазақстанның орнықты дамуын көрсетеді. Екіжақты серіктестікті жаңа стратегиялық деңгейге көтеру үкіметтеріміз бен халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады. Сізге Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ біз Қазақстанмен саяси диалог болсын, институционалдық және үкіметтік алмасулар болсын, түрлі деңгейдегі тығыз ықпалдастықты жоғары бағалаймыз. Мұның бәрі қарым-қатынасымызды ілгерілете түседі", – деді Грузия премьер-министрі.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту үшін оны нақтылай түсіп, энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да перспективті салаларға бағытталған "жол картасын" әзірлеуді ұсынды.
Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
"Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі қатысушылары ретінде екі ел көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, контейнерлік тасымал көлемін кеңейту, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыруды үдету бағытында дәйекті шаралар қабылдауға ниетті. Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай аталған бағдар бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде. Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге мүдделі. Өткен жылы қазақстандық инвестордың қатысуымен Поти портында жаңа мультимодальді терминал ашылды. Анаклия порты – өңіраралық байланысты нығайту тұрғысынан қызықты жобаның бірі саналады". Ақорда
Сондай-ақ, цифрландыру мен жасанды интеллект өзара ынтымақтастықтың перспективті салаларының қатарында аталды.
"Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмасуға дайын екенін растады. Қазақстан Грузия стартаптары мен технологиялық компанияларының Astana Hub бағдарламасына және аймақтық технологиялық бастамаларға қатысуын құптайды". Ақорда
Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы серіктестікті нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды.
Президент Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын атап өтіп, еліміз де грузиялық меймандарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы мәдени алмасуларды қолдаудың маңызына мән беріп, екі елдің мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды.