Құзырлы ведомство мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында екі өрт тіркелді. Тағы бір-бір өрт ошағы Қарағанды облысында, "Марқакөл", "Қорғалжын", мемлекеттік табиғи қорықтарында, "Баянауыл", "Қарқаралы" мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде және "Жасыл аймақ" РМК территориясында анықталды. Сондай-ақ "Ертіс орманында", "Семей орманында" екі өрт ошағы тіркелді.
Өрт ошақтары РМҚК "Қазавиаорманқорғау" кәсіпорнының әуе патрульдеуі және орман өрттерін ерте анықтау жүйесі арқылы дер кезінде анықталды. Өрт туралы хабарлама түскен сәттен бастап орман мекемелерінің күштері мен құралдары жедел түрде оқиға орнына жіберілді.
Өртті сөндіруге РМҚК "Қазавиаорманқорғау" кәсіпорнының Ми-8 тікұшағы су төгу құрылғысымен (ВСУ), әуе өрт сөндіру қызметі, сондай-ақ мемлекеттік орман күзетінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Қазіргі сәтте бірқатар өңірлерде өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда.
"Елімізде аптап ыстық пен найзағайлы фронттардың сақталуына байланысты өрт қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен РМҚК "Қазавиаорманқорғау" күштері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Әуе және жерүсті патрульдеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде", делінген Экология министрлігі хабарламасында.
Бұған дейін Қарағандыда полицей өртеніп жатқан үйден бес баланы алып шығып, қайғылы жағдайдың алдын алғаны хабарланған.