Оқиға Жаңаарқа ауданында болған. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті көрші қыстақтағы қойларды өз қорасына айдап жинап, өзін олардың заңды иесі ретінде көрсеткен.
Кейін ештеңеден күдіктенбеген сатып алушылармен келісіп, 165 бас қойды жүк көлігіне тиеп, басқа өңірге жөнелткен. Мал иесі отарындағы қойлардың түгел еместігін байқап, полицияға жүгінген.
Жаңаарқа аудандық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, малдың Жамбыл облысына қарай жөнелтілгенін анықтады.
Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел әрекет етіп, Тараз қаласындағы мал базарынан қойларды сатып алған азаматтарды анықтады. Нәтижесінде 165 бас қойдың барлығы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция азаматтарға мал сатып алу кезінде оның заңды тиесілігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ ветеринариялық анықтамалар мен өзге де қажетті құжаттарды мұқият тексеруге кеңес береді.
Заңды рәсімделмеген малды сатып алу азаматтарды мүліктік шығынға ұшыратып қана қоймай, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.