Өскемен тұрғыны Алакөл жағалауында демалып жүріп, телефоны мен қолсөмкесін ұмытып кеткен. Заттарын өздігінен таба алмаған соң, полицияның модульдік бекетіне жүгінген.
Тәртіп сақшылары жағалаудағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Нәтижесінде жоғалған заттарды жағалаудан өтіп бара жатқан азаматтың тауып алып, полицияға тапсыруға ниеттенгені анықталды.
Камера жазбалары мен дронның көмегімен азаматтың жүрген бағыты белгіленді. Шамамен бір сағаттан кейін телефон мен қолсөмкедегі барлық зат табылып, иесіне қайтарылды.
"Заттарымды өзім таба алмай, қатты уайымдадым. Полиция қызметкерлері бірден көмек көрсетіп, бейнебақылау камералары арқылы тауып бергеніне қуандым. Жедел әрекеттері үшін алғыс айтамын", – деді Өскемен тұрғыны.
Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері Дастан Бейсканов, Ұлан Шора және Ерлан Қалиев қатысты.