Әйелдер бұрымынан өрілген көпір: Шымкенттегі "Қатын көпірдің" құпиясы

Фото: Zakon.kz/Лика Морозова
Шымкентке кіреберісте тұрған құмыра ұстаған қыздың жанынан күн сайын мыңдаған көлік өтеді. Алайда мұның бұл жерде не себепті тұрғанын және оның "Қатын-көпірге" қандай қатысы барын көпшілік біле бермейді. Көпірге қатысты аңыздарды Zakon.kz хабарлайды.

Оңтүстіктің шырайлы шаһарына кіре берісте тұрған әйел бейнесі – өткен заманда бұрымдарынан көпірге арқан жасап, "Қатын-көпір" аталып кеткен өткелді аман алып қалған әйелдердің құрметіне қойылған деседі.

Сымбатты, көрікті, денесін тік ұстап, иығына құмыра асып алған әйел әуежайдан қала орталығына қарай бет алған жолаушыларды қарсы алып, қасиетті Түркістанға жол тартқандарды шығарып салады. Алайда ол көп жағдайда назардан тыс қалады. Бірнеше метрлік әйел мүсіні қаланың көрнекті сәулет өнерінің біріне айналуы мүмкін еді. Дегенмен ол туралы жергілікті көнекөз тұрғындар ғана біледі.

Өлкетанушы Владимир Приваловтың айтуынша, бұл мүсінге назар аударатын уақыт келді. Өйткені елеусіз тұрған әйел бейнесінің артында қаланың болашақ ұрпаққа сақтап, жеткізуге болатын тарихының бір бөлігі жатыр.

"Қатын көпір" атауы – "Әйелдер көпірі" деген мағынаны білдіреді. Бұл атау Қошқар-Ата арнасы арқылы өтетін ескі көпірден шыққан. Уақыт өте келе ол тұтас шағынаудан мен аялдама атауына айналды. Бүгінде мүсіннің жанынан Шымкенттегі маңызды көлік жолдарының бірі – Тәуке хан даңғылына шығатын жол өтеді. Айтпақшы, көпірдің қазіргі нұсқасы әлі күнге дейін арна арқылы өтетін өткел ретінде қызмет етеді. Ол құмыра ұстаған қыздың мүсінінен сәл әрі орналасқан.

Фото: Zakon.kz/Лика Морозова

"Бұл ескерткіштің нақты қашан орнатылғанын айту қиын. Бірақ мен 90-жылдары қалаға келгенде, ол бұл жерде әлдеқашан тұрған. Бұл қаланың батыс қақпасы болатын. Құмыра ұстаған қыз қалаға кіргендердің барлығын қарсы алатын, өйткені әкімшілік шекара дәл осы жерде. Ал "Қатын көпір" орналасқан жол айрығынан кейін қала іс жүзінде аяқталатын. Меніңше, алып мүсін 1970-1980 жылдары пайда болған", деді өлкетанушы Владимир Привалов.

Өлкетанушының пікірінше, бұл аудан мен мүсіні бар көпірді қаланың көрікті жері ретінде туристік картаға енгізіп, мұнда экскурсиялар ұйымдастырған дұрыс. Себебі, бұл жер туралы әртүрлі аңыздар баршылық.

Бірінші аңыз – көмек пен өзара қолдау туралы.

"Жалпы бұл шымкенттіктер үшін аңызға айналған орын деуге болады. Себебі оған қатысты бір емес, бірнеше аңыз бар. Тіпті осы жерге ескерткіш қойып, қалаға жақындаған қонақтарға бұл аңызға толы мекен туралы айтып беруге болар еді. Ескі аңыздардың бірінде бұл жерде бір күні суы мол өзен қатты тасып, өткелдерді су басқаны айтылады. Бірақ бірден ескерте кетейін: су ағатын жер – географиялық тұрғыдан нақты Қошқар-Ата өзені емес. Бұл – XVIII ғасырдан ерте қазылған арна. Сол маңда Тәтті есімді апа өмір сүрген екен. Бір күні ол босанғалы жатқан әйелге көмек көрсетуге асығады, бірақ арба су ағынына кептеліп қалады. Сонда апа мұндай қиын жағдайлар қайталанбас үшін өз қаражатына құрылыс материалдарын сатып алады. Шеберлер жалдап, осы жерге өткел салғызады. Бастапқыда бұл көпір "Қатын көпір" емес, "Тәтті көпірі" деп аталған екен", деп өлкентанушы қызықты ақпаратпен бөлісті.

Жергілікті тұрғындардың өлкетанушыға айтып берген екінші оқиғасы да өте әсерлі. Бұл аңыз да әйелмен, дәлірек айтқанда, әйел бойындағы ең күшті сезімдердің бірі – аналық инстинктпен байланысты.

"Жақында тағы бір аңызды естідім. Кенеттен жау шабуыл жасаған кезде жас ханша қоршауда қалған қаладан қашып үлгерген. Ол кішкентай ұлын аман алып қалу үшін қашып келе жатып, қуғыншылардан ескі көпірдің қуыстарына тығылады. Ол сәбиімен бірге сонда жасырынып, баланың өмірін сақтап қалады. Ал бала ер жеткен соң ықпалды әрі беделді адам болып, туған жерін қорғаған екен. Сол себепті көпірді әйелдер көпірі, аналар көпірі деп атай бастаған", деген де пікір бар деді Владимир Привалов.

Содан соң тағы бір өте поэтикалық аңыз айтып берді. Бір көктемде қатты су тасқыны болып, елді мекенді қаламен байланыстырып тұрған жалғыз көпірді су ағысы бұза бастайды. Көпірді аман алып қалу үшін әйелдер өз бұрымдарын қиып, олардан мықты әрі берік арқандар жасайды. Содан кейін сол арқандармен ағаш тіреулерді мықтап байлап, көпірді бекітіп қояды. Осылайша олар көпірді сақтап, оның қирауына жол бермеген екен. Алайда өткелге қатысты жалғыз аңыз бұл емес.

"Кезінде тарихшы әрі археолог Агзам Рустемов бұл атау Кеңес дәуірінде пайда болған деген пікірде болған. Бір нұсқа бойынша, бұл соғыс жылдарында болған. Ер адамдардың барлығы майданға кеткен кезде әйелдерге өткел қажет болған. Бәлкім, көпірді сол әйелдер салған шығар", деген де болжам бар деді өлкетанушы Владимир Привалов.

Мүмкін, "Қатын-көпірдің" тарихында әлі де көптеген қызықты аңыздар мен әңгімелер бар шығар. Сондықтан жергілікті тұрғындар үшін бұл жер әйел-анаға деген құрметтің символы іспеттес.

Қазақстан
Шымкент

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Еңбек кодексі: тамыз айында не өзгереді және жұмыс берушілер нені білуі керек

Жасырын зауыт пен жеке теміржол тұйығы: Ұлытау облысында марганец кені заңсыз экспортталған

Алматы облысына қарасты бір ауылда тұрғындар газ құбырын аттап өтіп жүр

Рим маңындағы оқ-дәрі шығаратын зауытта жарылыс болып, алапат өрт тұтанды

Тоқаев мәдениет саласында стипендиялар тағайындады