БАҚ өкілдері қазақстандықтардың, соның ішінде журналистердің WhatsApp-тағы аккаунттарының бұзылып, бұғатталғанын еске салды. Олар ІІМ шабуылдарға қатысы бар адамдарды анықтай алды ма және жаңа Конвенция шетелдік платформалардан IP-мекенжайлар мен өзге де цифрлық деректерді алуға мүмкіндік бере ме деп сұрады.
"Рас, бізде бұл ақпарат болды. Соған байланысты процестік тексеру жүргіздік. Интернет-алаяқтыққа келсек, бұл тікелей аккаунттарды бұзу әрекеттері болған жоқ. Мұнда әлеуметтік инженерия тәсілдері де қолданылғанын түсінеміз. Осы бағытта, соның ішінде уәкілетті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, процестік тексеру жүргіздік. Бұл жұмыс та біздің тұрақты бақылауымызда", – деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, Конвенцияны ратификациялау Қазақстанға цифрлық іздерді анықтау және бекіту үшін 80-нен астам елдің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
"Ең бастысы – цифрлық іздерді анықтап, жойылып кетпеуі үшін сақтап қалу. Сонда кінәлілерді жауапкершілікке тартып, толыққанды дәлелдемелер базасын жинауға мүмкіндік болады", – деді ол.
Журналистер ІІМ журналистердің аккаунттары бұғатталған жағдайлардың кем дегенде біреуінде осы әрекеттерге қатысы бар адамдарды анықтай алды ма деп нақтылады.
"Аккаунттарды бұғаттау мәселесі Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне жатады. Ал қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне келсек, елеулі зиян келтірілген жағдайда оны Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеу қажет екенін білесіздер. Бұл жағдайда аккаунттарды бұзу немесе киберқылмыс жасау туралы сөз болып отырған жоқ. Бұл – әлеуметтік инженерияға қатысты мәселе. Онымен Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі әріптестеріміз айналысты", – деп жалғастырды ол.
Бұдан бөлек, журналистер Мәжілістің бұрынғы депутаты Азат Перуашевтің мәлімдемесін еске салды. Ол бұған дейін белгісіз нөмірлерден 200-ден астам хабарлама келгенін, боттар арқылы шабуыл жасалғанын және WhatsApp аккаунты бұғатталғанын айтқан. БАҚ өкілдері ІІМ өкілінен шабуылдардың қайдан жасалғаны және оған қатысы бар адамдар анықталды ма деп сұрады.
"Тергеушілеріміз онымен байланыста. 28 қыркүйекте аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелері іске қатысы бар адамдарды, сондай-ақ сайттардың көшірмелерін жасаған иелерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығында бірнеше арнайы сот сараптамасы мен сот-технологиялық сараптама тағайындадық. Тергеу бақылауда", – деді Әділов.
Журналистер шабуылдардың қайдан жасалғанын және оған қатысы бар адамдарды анықтау мүмкін болды ма деп қайта нақтылағанда, ол тергеудің жалғасып жатқанын айтты.
"Тергеу тобы түпнұсқа сайттардың көшірмелерін жасаған иелерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір тиісті сот-технологиялық сараптамалардың нәтижелерін де күтіп отырмыз", – деп хабарлады ол.
2026 жылғы 10 тамызда Қазақстанның ІІМ WhatsApp қолданушыларының аккаунттарына рұқсатсыз кіру жағдайлары туралы ескерткен еді.