3 қазанға қараған түні БҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Орал қаласындағы Төле би көшесінде патрульдеу кезінде Hyundai Tucson автокөлігін басқарған жүргізушінің көлік жүргізу мәнеріне күмәнданып, оны тоқтату туралы белгі берген.
Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, жылдамдығын арттырып, қашуға тырысқан. Полиция қызметкерлері дереу тоқтатып, оның жеке басын анықтады. Көлік тізгінінде 37 жастағы жергілікті тұрғын болған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Аталған жүргізуші бір күнде полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау, жол белгісінің талабын бұзу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына екі рет өту, қарсы бағыттағы жолаққа шығу және мас күйінде көлік басқару секілді 6 құқық бұзушылық жасаған.
Осылайша полиция қызметкерлері құқық бұзушыны дер кезінде тоқтатып, мас күйінде көлік басқару салдарынан туындауы мүмкін жол-көлік оқиғасының және өзге де ауыр зардаптардың алдын алды. Көлік арнайы тұраққа қойылды. Сот шешімімен кінәлі адамға 18 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл 6 ай мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.