Атырауда мектепте қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім 15 жылға сотталды

Фото: unsplash
Атырауда өзіне бұрын таныс болмаған 13 жастағы оқушы қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге қатысты сот процесі аяқталды. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыс 2026 жылғы 13 наурызда болған. Жасөспірімнің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 29-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 3-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу деп сараланды. Сот процесі алқабилердің қатысуымен өтті. Судья Зарема Хамидуллина үкімді жариялап, жаза тағайындау себептерін түсіндірді.

Сот отырысында жасөспірімнің қылмысқа алдын ала дайындалғаны анықталды. Іс материалдарына сәйкес, ол шабуылды бірнеше күн бойы жоспарлаған. Бұдан бөлек, сотқа ұсынылған жазбаларда өз ата-анасын өлтіру туралы ойлары да болған.

Қылмыстық іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі – жасөспірімнің дәптерінен табылған жазбалар мен мектепке орнатылған бейнебақылау камераларының жазбалары. Бұл материалдар сотта басқа да дәлелдермен бірге зерттелді.

Сот процесінде жасөспірімнің бұған дейін сыныптастары тарапынан буллинг көргеніне шағымданып, мектеп психологына жүгінгені де белгілі болды. Алайда оған қатысты ұрып-соғу және физикалық зорлық-зомбылық көрсету фактілері расталмады.

Сонымен қатар сотта кәмелетке толмаған баланың терроризмге қатысты тыйым салынған материалдарға, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа қызығушылық танытқаны анықталды.

Судьяның айтуынша, сотталушы іс материалдарында көрсетілген кейбір жазбалардың авторы екенін мойындамаған. Ол шабуыл кезіндегі әрекетін санасының кенеттен тұмандануымен түсіндіруге тырысқан.

Алайда сот-психиатриялық сараптама жасөспірімнің есі дұрыс болғанын анықтады. Қылмыс жасаған сәтте ол аффект жағдайында болмаған, өз әрекетінің сипатын түсініп, оны басқара алған. Осылайша, сот талқылауы барысында шабуылдың аяқ астынан жасалмағаны анықталды. Жасөспірім өз әрекетін алдын ала ойластырып, қылмысқа дайындалған.

Айыптау актісіне сәйкес, оқиға болған күні сағат 12:30 шамасында жасөспірім соңғы сабақтан шығып кеткен. Шамамен сағат 14:00-де үйіне барған соң, пышақ, балға және басқа да заттарды жинап, сөмкесіне салған.

Сағат 16:56-да ол мектепке қайта оралған. Күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтқаннан кейін ғимаратқа еш кедергісіз кірген. Бұл ретте оның сөмкесінің ішін ешкім тексермеген.

Мектеп дәлізінде жасөспірім үш қыз бен бір ұлды байқап, оқушы қыздардың бірінің соңынан қуған. Кейін оның арқасы мен мойнының шүйде тұсына пышақпен бес рет соққы жасаған. Зардап шеккен 13 жастағы қыз шабуыл жасаған жасөспірімге бұрын таныс болмаған. Олардың арасында ешқандай жеке кикілжің болмаған.

Жарақат алған оқушы Атырау облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілді. Алғашында дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған. Кейін жағдайы тұрақтанған соң қыз жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды.

Сотталған жасөспірім 15 жылдық жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақыты да жаза мерзіміне есептеледі. Бұл ретте тергеу изоляторындағы бір күн бас бостандығынан айырудың бір жарым күніне теңестіріледі.

Үкімге 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.

Қазақстан
Атырау

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бес елдің ғалымдары Аралды қалпына келтірудегі фосфогипстің әлеуетін бағамдады

Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мұғалім жазаланды

Қазақстанға қоныс аударатын қандастар мемлекеттік субсидияны қалай ала алады

Қарин: Соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдірушілер санының азаю үрдісі сақталып отыр

Ақордада Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алу рәсімі өтті