Сотта анықталғандай, оқиға әдеттегі алаяқтық әдіс-тәсілмен басталған. Алдымен жәбірленушіге өзін энергиямен жабдықтаушы компанияның қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұраған.
Кейін алаяқтыққа тағы бір адам қосылып, әйелді несие рәсімделіп жатқанына сендірген. Ол әйелді жинаған ақшасын "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген.
"Алаяқтардың арбауына түскен талап қоюшы 700 мың теңге аударған. Алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген соң, ол құқық қорғау органдарына жүгініп, жәбірленуші деп танылды. Тексеру барысында аударылған ақшаның Жамбыл облысы Жуалы ауданында тұратын жауапкердің банктік шотына түскені анықталды", – делінген хабарламада.
Сот тараптардың арасында ешқандай шарттық немесе іскерлік қатынас болмағанын анықтады. Ал шот иесі өзіне тиесілі емес ақшаны өз қалауынша жұмсаған.
Оның бұл қаражатты алуға заңды негізі болмағандықтан, сот жәбірленушінің талабын қанағаттандырды. Жауапкерден негізсіз баю ретінде 700 мың теңге, сондай-ақ өкілдің қызметіне және мемлекеттік бажға жұмсалған шығындар өндірілді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ал Ақтөбеде жинаған ақшасын тез көбейткісі келген ерлі-зайыптылар ірі қаржылық шығынға ұшыраған болатын. Оқиға ерлі-зайыптылардың белгілі компанияға инвестиция салып, жоғары табыс табуға уәде берген жарнаманы көруінен басталған.