Нұрсерік Шәріповтің кандидатурасын Қазақстан Республикасы Жоғарғы cотының судьясы лауазымына конкурстан тыс сайлауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатқа енгізді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Денис Шипптің айтуынша, Нұрлан Шәріповтің 25 жылдан асатын судьялық тәжірибесі бар. Ол сот қызметін Алматы қаласының аудандық сотының судьясы болып бастады, екі аудандық сотты – Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотын және Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын басқарды. Одан кейін Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасын басқарды, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының аппарат басшысы қызметтерін атқарды.
2018 жылдың желтоқсан айынан бастап Қарағанды облыстық сотының төрағасы.
Төрешілер қауымдастығында беделге ие. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясының жауапты қызметіне дайын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Денис Шипп
Депутаттар оны қолдады.
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Нұрсерік Кәрімұлы Шәріповті Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы қызметіне сайлау туралы ұсынымына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы Сенатқа Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 1) тармақшасына, 82-бабының 1-тармағына және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 31-бабының 1-тармағына сәйкес енгізілді. Сенат депутаты Владимир Волков
Нұрсерік Шәріпов өз кезегінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының тұңғыш сайланған судьясы ретінде ант қабылдады. Ол өзіне жүктелген міндеттерді адал және саналы түрде атқаруға, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағынып, сот төрелігін жүзеге асыруға, судьяның міндеті айтып тұрғандай бейтарап әрі әділ болуға ант етті.
Нұрсерік Кәрімұлы Шәріпов, 1965 жылы туған, жоғары заңгерлік білімі бар.
1990 – 1992 жылдар аралығында – Қазақ мемлекеттік университеті әкімшілік құқық кафедрасының ассистенті.
1992 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты азаматтық және рақымшылық жасау жөніндегі бөлімінің аға референті.
1995 жылы Алматы қаласы Фрунзе аудандық халық сотының судьясы, 1996 жылы Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.
2007 жылы – Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.
2008 – 2010 жылдар аралығында – Маңғыстау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы.
2010 жылы – Маңғыстау облыстық соты апелляциялық сот алқасының төрағасы.
2012 жылы – Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.
2017 жылы – Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты аппаратының) басшысы.
2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қарағанды облыстық сотының төрағасы.